"Неге маған тиіседі?" Алматылық оқушы мұғалімнің әрекетіне шағымданды

Алматылық оқушы мұғалімнің әрекеттеріне шағымданып, видео жарялады. Артынша мұғалім уақытша жұмысынан шеттетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Алматының Әуезов ауданындағы №133 мектептің оқушысы әлеуметтік желіде видео жариялап, сынып жетекшісінің әрекеттері туралы айтқан. Оқушының айтуынша, мұғалім оқушылармен өзін дұрыс ұстамаған.

"5-сыныптан бастап Н.Н сыныбына келдім. Ол өте қатал еді. Әр сабақ бойы айқайлап, ұрсатын. Мені қабырғаға қарай итеріп жіберген. Балаларды ұрады. Тыныш отырған адамға да ұрсады. Ата-анам сынып жетекшісімен кездескен кезде олар бұл жайтты жылы жауып тастауға тырысты. Оны кешіруді сұрады. Ешкім бізді тыңдамады. Ата-анамыз бәрін заң жүзінде шешуге тырысып жатыр. Менің құқығым жоқ па? Мен кәмелетке толмаған қызбын. Неге маған тиіседі? Өткен түні ауруханада болдым. Қолым қатты ауырды. Қолымды рентгенге түсірдім. Ешкім ешқандай шара қабылдаған жоқ. Бұл жерде оны (мұғалімді-еск.) бәрі қолдайды", - дейді оқушы. 

Бұл жайтқа қатысты Алматының Білім басқармасы өкілдері пікір білдірді. 

"Осы мәселе бойынша комиссия құрылды, бұл дерек білім беру мекемесіне барып қаралатын болады. 2023 жылғы 16 мамырда Әуезов ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында да осы мәселені қарау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Алматы қаласы білім басқармасының бақылауында", - деді басқарма өкілдері.

Басқарма мәліметінше, мұғалім уақытша сынып жетекші қызметінен шеттетілген. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!