Атыраулық дәрігер денесін 80 пайыз күйік шалған жасөспірімді құтқарып қалды

Травматолог-комбустиолог Руслан Жанбекеев денесін 80 пайызға дейін күйік шалған балаларға күрделі ота жасап, аяққа тұрғызған. Жиырма бір жылдан бері Атырау облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп, көптеген балалардың өміріне араша болған дәрігер қызметі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Осыдан жеті жыл бұрын ауруханаға денесін 80 пайызға дейін күйік шалған жасөспірім түсті. Кейде денесінің 15-20 пайызын күйік шалған балалар да өмірден өтіп кетіп жатады. Ал, 80 пайызға дейін күйген жасөспірімнің тек басы ғана күйіктен аман еді. Жеке үйде тұратын отбасының моншасы болған. 17-ге енді толған жасөспірім моншадағы бөшкені ыстық сумен толтырып жүріп, қайнап тұрған бөшке толы суды абайсызда өзіне төгіп алған. Ауыр жағдайда ауруханаға түскен жасөспірім ұзақ уақыт реанимацияда жатты. Шұғыл ем-шаралар көрсетіліп, ота жасалды. Өмір мен өлім ортасында болған науқас реанимациядан шығарылғаннан кейін, екі ай ауруханада жатты. Ұзақ уақытқа созылған ем-шара, оңалтудан кейін жасөспірім аяққа тұрып кетті", - дейді дәрігер Руслан Жанбекеев.

Сөйткен жасөспірім бүгінде үлкен азамат болған. Көшеде көріп қалса, емдеуші-дәрігеріне тұра қалып амандасатын жігіттің денесінде кезіндегі ауыр жағдайдың ізі қалмаған.

Осыдан екі жыл бұрын жылу батареясына аунап кетіп, жамбасы мен белі күйіп қалған алты айлық сәбидің жағдайы қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Дәрігер Руслан Жанбекеев сол сәбиге де күрделі ота жасап, нәрестені аман алып қалды. ​

"Нәрестеге пластикалық ота жасалды. Бала бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Ұзақ емделді, жазылу процесі де біраз уақытты қажет етті" дейді дәрігер Руслан Жанбекеев.

Дәрігердің айтуынша, күйік шалу сияқты оқыс жағдайлар күтпеген жерден болады.

"Ата-аналарымен бірге пикникке шығып, қазанға отырып, күйіп қалған балалар да болды. Бірер минутта орын алатын жағдайдың балаға да, анаға да ауыр жарақат салатынын ұмытпауымыз керек. Барынша балаларды сақтандырып, қараусыз қалдырмағанымыз дұрыс. Біздер үлкендер балалардың өміріне, денсаулығына жауаптымыз" дейді травматолог-комбустиолог Руслан Жанбекеев.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!