Түркістанда жеңіл автокөлік құрастырылуы мүмкін

Түркістанда жеңіл автокөлік құрастырылуы мүмкін
Фото: Автордан

Түркістан қаласында таяу болашақта жеңіл автокөлік өндірісін ұйымдастыру ісі қолға алынуы мүмкін. Бұл мәселені облыс әкімі Дархан Сатыбалды Бейжіңде өткен Қытайдың шетелдегі өнеркәсіпті дамыту қауымдастығының өкілдерімен кездесуінде қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халықаралық бизнес әлеміндегі алпауыт компания басшылары қатысқан маңызды шарада энергетика, өндіріс, сауда, цифрлық технология, медицина, туризм және басқа да салалардың майталмандары бас қосты. Іскерлік жүздесуде өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра келе, жаңа өндіріс орындарын ашуда әріптестік орнатуға шақырды.

"Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылау үшін сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Қазақстан үшін сіздердің елдеріңіз әлемдегі ең ірі экономиканың қақпасы болса, Қытай үшін біздің еліміз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына жылдам логистикалық бағыттар ашады. Сондықтан сіздердің көпжылдық тәжірибелеріңізді ескере отырып, біз сіздермен Түркістан қаласында жеңіл автомобильдерді құрастыру өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылағымыз келеді", – деді Д.Сатыбалды.

Айта кету керек, 22 млн. халық тұратын Бейжің шаһарында әлемдегі ең ірі компаниялар орналасқан, Сонымен қатар, бұл қала жеңіл автокөліктер шығаруда да әлемдік көшбасшылар қатарында. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастықтың арқасында тауар айналымы 2022 жылы 24 млрд. АҚШ долларын құраған болатын. Сондықтан егер өңір басшысы Дархан Сатыбалдының ұсынысы қабыл алынса, Түркістан облысы арқылы өтетін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы