"Ауылдағы әуежай". Абай облысында ерекше жоба қолға алынды

Абай облысының Ақсуат ауылында әуежай салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы белгілі меценат, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тастекеев Абай облысы әкімінің Ақсуат ауданы халқымен кездесуінде айтты. Кәсіпкердің есебінше, әуежай құрылысына шамамен 3 млрд теңге қажет.

"Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бұл облыс пен республиканың ірі орталықтарынан алыс орналасқан ауданымыздың тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қолға алынған игі іс. Бұрын Ақсуатта 1992 жылға дейін жұмыс істеген аэровокзалы бар аудандық аэродром болған. Бірақ, КСРО ыдырағаннан кейін оның жұмысы да тоқтады. Қазір аэровокзалдың ғимараты да жоқ. Як-40, Ан-24 және Ан-2 сияқты ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағы ғана қалған. Бірақ оның жағдайы жақсы деуге келмейді. Сол себепті бәрін жаңадан салуға тура келеді" дейді Дулат Тастекеев.

Ақсуатта әуежай салынса, оның игілігін Тарбағатай, Көкпекті мен Зайсан ауданының тұрғындары да көреді.

"Алдын ала есепке сәйкес Ақсуат-Алматы және Ақсуат-Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша аптасына 30-40 адамнан 2-3 рейс, Семейге 4-5, Өскеменге 3 рейс жасалады. Ақсуат ауданында теміржол қатынасы жоқ. Аудан орталығы Ақсуаттан Семей мен Өскеменге дейін автокөлікпен 4-5 сағат жүресіз, Алматы мен Нұр-Сұлтанға жету үшін бір тәулік жол жүруге тура келеді. Ал ұшақпен бір сағатта жетуге болар еді. Сондықтан бұл жоба өте маңызды деп есептейміз" дейді кәсіпкер.


Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!