ШҚО-да арнайы аппаратпен еститін жасөспірім Бетховеннің туындыларын орындайды

Өңірдегі Риддер қаласының тұрғыны Санжар Сағандықов небәрі жетінші сынып оқып жүргенде әлемге белгілі композитордың "Элизаға" шығармасын орындауды үйренген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

14 жасар жасөспірімнің туа-біткен кемістігі бар. Соған қарамастан гитара мен фортепианода ойнағанда кез келген тыңдарман тұла бойы тітіркеніп, музыка әлеміне бойлайды.

Көпке мәлім, адамзаттың талайын таңдай қақтырған музыкант Людвиг ван Бетховен есту қабілетінен айырылған соң небір тамаша туындыларын көпке ұсынған. Санжар Сағандықов арнайы аппарат арқылы дауыстың 50 пайызын ғана естиді. Әке-шешесі оның бұл кемістігін 4 жасында ғана білген. Әкесі Талғат Сағандықовтың сөзінше, Санжарды дауыстап шақырғанда кей-кездері естімей қалатындығын байқапты.

"Әлі бала ғой, ойынға беріліп кеткен шығар деп топшыладық. Бірақ бұл жиі қайталанатындықтан ұлымызды дәрігерге апардық", – деді әкесі.

Содан дәрігерлер Санжардан құлақ мүкістігін анықтайды. Ақ халаттылардың айтуынша, аталған аурудың нақты емдік жолдары әлі де белгісіз.


"Есту аппаратын сатып алған соң кәдімгідей өзгерді. Аппақ қардың сықыры, жаңбырдың дауысы ерекше әсер сыйлады. Бірде екеуіміз таза ауада серуендеп жүргенде ол менен "әке, бұл ненің дыбысы?" деп сұрады. Мен оған "жел соққандағы ағаш жапырақтарының сыбдыры ғой" деп жауап бердім. Қатты таңданып тұрған ұлымды көргенде жүрегім елжіреп кетті", – дейді Талғат.

Біртіндеп Санжардың музыкаға деген әуестігі пайда болған. Балалары 6 жасқа келген соң ата-анасы оны Риддер қаласындағы музыка мектебіне береді. Сол жерде фортепианода Бетховеннің "Элизаға" шығармасын алғаш рет естігенде бірден "осы туындыны үйренгім келеді" деген. Бірінші сыныпқа қабылданған баланың мұндай ниеті әке-шешесіне ерекше қуаныш сыйлаған.


"Кейінірек біз оған тиісті ноталарды шығарып бердік. Тұңғышымыз өз күшімен 7-ші сынып оқушыларына арналған композицияны аз уақытта үйреніп алды. Бұны көрген ұстаздар тіпті сенер-сенбестерін білмей қалған еді", – дейді анасы Сәния.


Тағы бір сөзінде, Санжардың әрдайым күрделі шығармаларды таңдайтынын айтты. Ноталармен 10-15 минут оқып-танысады да, сонша уақытта композицияны түгелдей жаттап алады екен. Осыны байқаған ата-анасы балаларының тума талант екендігіне көз жеткізген.

Қабілетті бала гитарада да жақсы ойнайды. Екі аспаптың тілін меңгерген ол талай республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Атап айтсақ, 2016 жылы Семей қаласында өткен Латиф Хамиди атындағы халықаралық сайыста бақ сынасқан Санжар бірінші орынды қанжығасына байлайды. 2017 жылы Барнаулда өткен музыка додасына қатысып, тұлпары озық келіп жеңімпаз атанған. Сол сайыста белгілі ресейлік музыканттар риддерлік балақайдың өнеріне оң бағасын беріпті.

2021 жылы Санжар Болгарияда өткен халықаралық байқауға қатысқан. Пандемияға байланысты онлайн форматта өткен жарыста тағы да жеңімпаз атанды.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!