Қарағанды тұрғыны өзінің заңды некедегі әйелін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Қарағандылық азамат өзінің заңды некедегі әйелін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жәбірленуші Надежданың айтуынша, заңды некедегі күйеуі "балаңды тартып аламын" деп қорқытып жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Оның үстіне ер адам әйелді "ақша ұрлады" деп айыптап полицияға ұстатып отырған. Надежданың ата-анасы да, жақыны да жоқ. Алғашқы жұбайынан ажырасқан соң бейтаныс біреулер "жұмыс беремін" деп алдап қыстаққа алып кетеді. Еңбек құлдығынан әрең құтылып, баласымен жақсы өмір сүре бастаған кезде қазіргі күйеуімен танысқан. Сөйтсе ол әйелдікке емес, сексуалдық құлдыққа алған.

"Екеуіміз қосылған күннің ертеңінде-ақ ол мені сата бастады. Баламды өзінің әпкесінің үйіне апарып тастады. Менің еш амалым қалмады. Егер көнбесең, қазір қамқоршылық органды шақырам олар балаңды алып кетеді деді. Бірнеше рет қашып кеттім, күйеуім полицияға мені ұстату үшін "Ақшамды ұрлады" деп арыз жазып тауып алды. Полиция "Күйеуіңмен татуласпасаң, қылмыстық іс қозғалады" дейді. Менің сөзіме ешкім сенбеді", - дейді жәбірленуші Надежда.

Осылайша 1 жыл бойы сексуалдық құлдықта болған Надежда амалын тауып баласымен қашып кетеді. Содан кейін ғана "Жезөкшелікпен айналысуға тарту" бабымен қылмыстық іс қозғалып, бірақ артынша ол істі полиция мен прокуратура жауып тастаған.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша жәбірленушінің жұбайы болып келетін азамат аталған қылмыстық істі жасағаны туралы жеткілікті дәлелдердің болмауына байланысты қылмыстық қудалау органымен қылмыстық іс тоқтатылды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201- бабының талаптарына сәйкес қылмыстық іс материалдарындағы өзге мәліметтер процеске қатысушылардың жеке өмірін қозғайтын болғандықтан жария етілуге жатпайды", - дейді Қарағанды облысы прокурорының көмекшісі Нұрсұлтан Тамабаев.

Надеждаға "Мейірім әлемі" мекемесі қол ұшын созған. Әйелдің онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталды. Соған қарамастан жұмысқа орналасты. Заңгерлердің айтуынша, адам саудасының құрбандары әдетте әділдікке жете алмай жарты жолда қалады. 

"Бас прокуратурадан бұл істі анықтап, күйеуімді жауапқа тартуды сұраймын. Мені ешкім тыңдамайды, тек оған ғана сеніп отыр. Мен балам үшін қатты қорқамын. Ол менің ізіме түсіп алды.Қайда барсам да тауып алады. Қайта-қайта полицияға үстімнен арыз жазады", - дейді жәбірленуші.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!