Павлодар облысынан Ресей аумағына көшкен орман өртіне кінәлі адам анықталды

Павлодар облысынан Ресей аумағына көшкен орман өртіне кінәлі адам анықталды
Фото: pixabay.com

Павлодар облысынан Ресей аумағына көшкен орман өртіне кінәлі адам анықталды. Ол адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов айтты.

13 сәуірде сағат 12:50-де "101" пультіне "Ертіс орманы" резерватындағы Бәйімбет орманшылығында орман өртеніп жатқаны туралы хабар түсіп, кейіннен өрт Ресей Федерациясының аумағына көшкен. 

"Бәйімбет орманшылығында құрғақ шөп пен қарағай жанды. Шамамен 200 гектар аумақ өртенген. Біз кінәлі адамды анықтадық. Қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материал полицияға жіберілді. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады", - деді Қайрат Шаймарденов.

Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, өрт шыққан кезде Аққулы ауданы төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері жылдам оқиға орнына барған. Өрттің шыққан алғашқы ошағын анықтау арқылы кінәлі адамды тапқан. 

"Сонда жүрген адам сөндірілмеген темекі тұқылын тастаған. Содан от шыққан. Оған қоса, ол адамның сол жерде жүргенін нақтылаған куәгерлер де бар. Қызметкерлер ол адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқиға орнында өрттің темекі тұқылынан болғаны анық көрінеді", - деді Қайрат Шаймарденов.

Өртті сөндіруге орман шаруашылығы қызметкерлерінен 92 адам, 24 бірлік техника және Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 25 адамы және 6 бірлік техника жұмылдырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан