Жастарды жұмыспен, баспанамен қамтыған жоба

Жастарды жұмыспен, баспанамен қамтыған жоба
Фото: Автордан

Батыс Қазақстан облысында  "Дипломмен ауылға" жобасы аясында 2023 жылы республикалық бюджеттен 509 маманға тұрғын үй сатып алуға және  бюджеттік кредит беру үшін 2634,0 млн.теңге көзделген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

    Ауылдық жерге келген 900 маманға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 737,8 млн. теңгеге  әлеуметтік қолдау көрсетуге қаражат, оның ішінде 310,5 млн. теңге көтерме жәрдемақы қарастырылған.  1 сәуірге дейін 242 маман көтерме жәрдемақы алып үлгерген.  

      Ақжайық ауданындағы белді білім ошақтарының бірі Абай атындағы мектеп-гимназиясында алғашқы еңбек жолын  бастаған Альбина Иманғазиева "Дипломмен ауылға" жобасының арқасында арманына қол жеткізген.

"Ауылдың жас маман үшін артықшылығы жетерлік. Біріншіден, қалаға қарағанда ауылда тәжірибе жинап, шираған әлдеқайда тиімді. Екіншіден, мені "Диломмен ауылға" жобасымен  баспана алу қызықтырды.  Ауыл-қала деп бөлінгенімен, қазір ауылда да қаладағыдай бар жағдай жасалған. Осыдан бірер жыл бұрын ауылдағы мектепке жұмысқа орналасқан соң, құжаттарымды  дайындап "Дипломмен ауылға" жобасы  бойынша 291 мың теңге көлемінде қайтарымсыз көтермеақы алдым.  Одан соң, дәл сол  жылы яғни, 2021 жылдың шілде айында аталмыш бағдарлама бойынша екі бөлмелі баспана сатып алдым. Шынымды айтсам, "Дипломмен ауылға" жобасы  арқылы тек жұмыс тауып қоймай, баспаналы болғаным  үшін қатты қуанамын, - дейді бізбен ой бөліскен жас маман.

  Альбина  еңбек етіп жүрген Ақжайық ауданында соңғы үш жылда 109 маман аталмыш жоба аясында баспаналы болып, қоныс тойын тойлапты.

"Жалпы 2009 жылдан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін ауылға 8551 маман жұмысқа  тартылды. Оның ішінде 5775 мұғалім, 1598 денсаулық сақтау маманы, 127 әлеуметтік сала,  534 мәдениет саласы және өзге саланың мамандары бар. Әлеуметтік қолдау шараларына 3221,9 млн.теңге сомасында қаражат бөлінді. Агроөнеркәсіптік кешеннің 4513 маманы 14633,0 млн.теңге бюджеттік несие алды", - деп атап өтті Батыс Қазақстан облыстық стратегия және экономикалық  даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева.

 Сондай-ақ, басқарма басшысы "Дипломмен – ауылға" жобасына қатысуға өтінім беру үшін otbasybank.kz порталына тіркеліп,  өтінімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюы қажеттігін  түсіндірді. Жобаға кез келген қазақстандық (ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан) бірқатар кәсіптер бойынша қатыса алады.

    Айта кетейік, жас маман жобаға қатысу үшін отбасы  банкінің клиенті болу керек. Содан    кейін кез-келген екінші деңгейдегі банктен ағымдағы шотты толтырып, несиесін өтей алады. Сонымен қатар, жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге мүмкіндіктері бар. "Дипломмен ауылға" жобасы бойынша өтінімдерді қабылдаудың басталатын күнін банк қосымша хабарлайды.

Айгерім ҒАЛЫМ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы