Қай өңірде қоғамдық дәретхана жетіспейтіні анықталды

Қай өңірде қоғамдық дәретхана жетіспейтіні анықталды
Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қай өңірде қоғамдық дәретхана жетіспейтіні белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Министрлік зерттеуіне сәйкес, елімізде санитарлық-гигиеналық тораптарға қажеттілік 292 бірлік. Айта кету керек, санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату, олардың жұмыс сапасын қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелеріне әкімдіктер жауапты.

Өңірлер бойынша ең үлкен қажеттілік Қостанай облысында. Мұнда жаңадан 52 санитарлық-гигиеналық торап ашу керек. Ішкі туристік басым бағыттардың бірі саналатын Түркістан облысында да бұл мәселе өзекті болып шықты. Зерттеуге сәйкес, өңірде кемінде 50 санитарлық-гигиеналық торап қажет. Сондай-ақ, Ақмола (31), Алматы (39), Ақтөбе (26) мен Батыс Қазақстан (23) облыстарында қажеттілік бар.

Министрлік мәліметінше, былтыр Қазақстан бойынша 53 санитарлық-гигиеналық торап орнатылған. Бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш басында тұр. Былтыр өңірде 10 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.

Одан кейінгі орында 9 санитарлық-гигиеналық торапты іске қосқан Павлодар облысы тұр. Үздік үштікті 8 санитарлық-гигиеналық тораппен Алматы облысы түйіндейді. Сондай-ақ өткен жылы Қызылорда мен Түркістан облыстарында 6 санитарлық-гигиеналық тораптан орнатылды. Жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес биыл өңірлерде 183 санитарлық-гигиеналық торап орнату қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина