Айзатулла Хусейн: Қазақ тілін музыка арқылы үйрендім

Айзатулла Хусейн: Қазақ тілін музыка арқылы үйрендім

SöZ Astana Public Talk алаңы - бұл тек қана дәріс оқып, сұрақтарға жауап беру үшін жиналатын жер емес. Ол - көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың басын қосып, ұлттық таным-түсінігімізге терең бойлайтын, бүгінгі жас буынның келешек өміріне бағыт-бағдар көрсететін таным мен тәрбиенің түйіскен ортасы. Күні кеше бұл алаңда ORDA тобының солисі, Ninety One тобының экс-продюсері Ерболат Беделхан мен Õzen медиа компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хусейн қонақ болып, медиа саласына қатысты, контент жасау, оны тарату жұмыстарына байланысты өз жобаларына тоқталып, тәжірибелерін бөлісті.

Жиын барысында Айзатулла Хусейн көп тіл білудің маңызын айтып, оның ақпараттық салада алар орны ерекше екенін атап өтті.

"Тіл өзге елдермен араласуға, байланыс орнатуға көп пайдасын тигізеді. Мен өз елімнің тарихын таныған сайын өзіміздің тамырымыздың тереңде екенін, түпнұсқамыздың бай болмысы барын түсіндім. Және біздің ұлттық болмысымызда бар бай дүние басқа елдерде жоқ екенін байқадым. Тілді сақтау үшін оның өзгеруі, заманауи болуы маңызды. Біз мәтіндерімізге әртүрлі жаргондар мен қанатты сөздерді қосамыз. Сол арқылы қазақ тілін жетілдіріп, жаңғыртып жатырмыз", - деді ол.

Сонымен қатар, ол Õzen медиа компаниясының құрылу жолына тоқталып өтті.

"Мен бала күнімнен музыкаға қызықтым. Жалпы айтқанда, Америка мәдениетінің кумирімін. Õzen медиа компаниясы өзімді танудан, өзімді табудан құрылды десем болады. Алғашында Telegram-арна ашып, әндер жүктедім. Көп адам тіркелді. Кейін олар өздерінің туындыларын жібере бастады. Қазір Õzen-нің құрылғанына төрт жыл болды", - деді спикер.

Айзатулла Хусейн қазақ тілін музыка арқылы үйренгенін айтып, бүгінгі музыка саласының мән-жайына тоқталды.

"Қазақстандық музыканы жасаушылардың екі толқыны бар. Біріншісі - ТМД елдерін жаулап алған орыстілді әртістер. Оның барлығы сол жерге, Ресейге көшіп, компаниялар құрып, салық төледі. Біз - екінші толқынбыз және біз осында қалдық. Қазір өзіміздің де танымал әншілеріміз шықты. Олардың қатарында  Darhan Juzz, Shiza, Yenlik тағы да басқалар бар", - деді ол.

Продюсер Ерболат Беделхан елімізді санаулы азаматтар өзгерте алмайды, өзгерісті әркім өзінен бастауы керегін айтты.

"Басқалар істейді ғой, мен күте тұрайын деген жарамайды. Бүгінгі таңда медиа саласында бәсекелестік жоғары. Сол себепті әртүрлі талдау жасап, өз өнімімізді нарыққа ұсынуымыз керек. Медиа кеңістікте 24 сағаттың ішінде мыңдаған қазақша контент шығару қажет. Сонда басқа елдер бізге назар аударады. Мен Ninety One тобын құрғанда Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен еліктеуші топтар көп шықты", - деді ол.

Сонымен қатар, Ерболат Беделхан креатив индустрияның біртұтас бағдарламасы болу керегін айтып, бізде өнерді ғана бөліп қарайтынын жеткізді. Оның айтуынша, негізінде сәулет болсын, би болсын, сән көрсету болсын, IT болсын, олар - креатив индустрия.

"Көптеген кәсіпкер "Қазақстанның нарығы кіп-кішкентай, қызық емес" дейді. Қазақша білетін 10-ақ миллион адам бар, ол аз деп жатады. Жоқ, олай емес. Егер шынымен 10 миллион адам таза қазақша контент тұтынатын болса, ол - өте үлкен аудитория. Мысалы, Норвегия, Нидерланд, Швейцария, Исландия елдері 4-5 миллион. Бірақ әлемдік музыкадағы 90 пайыз хиттері солардан шығады. Сенбесеңіз, Джастин Тимберлейкті алып қараңыз", - деді продюсер.

Жиын аяғында спикерлер көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек