Кентауда саябақ ішінде атпен жүрген адам бірнеше баланы таптап кеткен

Түркістан облысы Кентау қаласында атқа мінген адам саябақта серуендеп жүрген бірнеше баланы таптап кеткен. Бұл туралы жергілікті тұрғын Facebook-тегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 9 мамырда кешке болған. Желі қолданушысы көпшілік серуендейтін орындарда атпен жүруге тыйым салу керегін айтып, жергілікті әкімдік пен депутаттардан, полициядан араша сұраған.

"Саябақта сайрандап, қатты шауып жүрген бұл азамат бірнеше бүлдіршінді қағып кеткен. Бір бүлдіршін танысымның қызы. Артынан қуса, ұстатпаған. Бүгін 2-3 адамды қағып, жазасыз жүрсе, ертең не болмақ?… Қаншама бала-шаға жүр. Ертең біреудің баласы өлсе не болмақ? Маған ата-анасы "Не істейміз?" деп жіберді. Мынау ойнайтын нәрсе емес. Тапа-тал түсте қызды зорламақ болады, кешке атпен қағады. Халықта құқық қорғау органдарына деген сенім сейіліп барады", - деп жазды Гүлжан Серік.

Автор саябақтағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған сәттің үзінді видеосын да жариялады. Көп ұзамай Кентау әкімдігіндегілер бұл жайт бақылауға алынғанын, құзырлы органдар тарапынан тексеру жұыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Бұл туралы полицияға қалалық орталық  ауруханадағылар хабарлаған. Полиция мәліметінше, саябақта ата-анасымен кетіп бара жатқан кішкентай қызды жылқысын игере алмай қалған тұрғын соғып құлатқан.

"Аталған жайт Кентау полиция бөлімінде тіркелді. Алайда әкесі кішкентай қызының дене жарақатын алмағанына байланысты арыз жазудан бас тартқан. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген полиция таратқан хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!