Маңғыстаулық дәрігерлер аштық жариялап, жедел жәрдем шақыртқан тұрғындарды айыптады

Маңғыстаулық дәрігерлер аштық жариялап, жедел жәрдем шақыртқан тұрғындарды айыптады
Фото: Tengrinews.kz

Маңғыстаулық дәрігерлер аштық жариялап, жедел жәрдем шақыртқан тұрғындарды айыптап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, аштық жариялау басталғаннан бері 24 сағаттың ішінде наразылық білдірушілерден денсаулықтарының нашарлауына байланысты жедел жәрдемге 6 қоңырау келіп түскен.

"Біз, өз науқастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында тәулік бойы қызмет көрсететін Маңғыстаудың кәсіби медицина қызметкерлерінің қауымдастығы, 10 мамыр күні кешке Жаңаөзендені мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, аштық жариялаған адамдарға қызмет көрсеттік.

Біздің мамандар өтініш білдіргендердің жағдайын мұқия тексерді (1992-1999 жыл аралығындағы О.Б., Х.И., Ж.Е., Д.И., Д.Қ, Қ.Б. есімді жас азаматтар.) Олардың айтуынша, әл-ауқаты нашарлаған. Бірақ тексеріс барысында денсаулықтарына қауіп төніп тұрған жағдай анықталған жоқ", - делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, өтініш берушілер бірден ауруханаға жатқызудан бас тартып, акцияларын жалғастыру керек екенін айтқан. Сонымен қатар олар осы ақпаратты әлеуметтік желілерде жариялау үшін жедел жәрдем қызметкерлерін ұялы телефондарына түсірген.

"Біз азаматтардың өз пікірін бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтейміз, алайда жедел жәрдем қызметін негізсіз өз мақсаттарына пайдалану дұрыс емес. Себебі өзге де ауыр халде жатқан науқастарға зиянын тигізетінін ұмытпауымыз қажет", - делінген басқарма таратқан хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан