Шымкент дәріханасындағы жойқын жарылыс: зардап шеккендерге көмек көрсетілді ме?

Шымкент дәріханасындағы жойқын жарылыс: зардап шеккендерге көмек көрсетілді ме?
Фото: Жарылыс болған сәт. Фото: Tengrinews.kz

Былтыр 21 мамырда Шымкентте перзентхананың қасындағы дәріханада жарылыс болып, салдарынан үш адам қайтыс болған еді. Оның арасында жаңадан туған сәби бар еді. Болжам бойынша, жарылысқа дәріханадағы екі тонна сутегі асқын тотығы себеп болған. Бір жылдан кейін дәріхананың қазіргі күйі қандай? Зардап шеккендерге өтемақы төленді ме? Бұл жайлы "Отырар" тілшілері анықтап көрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауруханааралық дәріхана өкілдері зардап шеккендерге келтірілген залалдың өтелгенін айтады. 

"Өтемақы өтелді. Бесқабатты ғимарат қайтадан жөнделді. Жөндеу жұмыстарын жүргізген компания шот-фактураны төледі, шотты толығымен төледі, зардап шеккен көліктерге де залал өтелді", - дейді дәріхананың заңгері Нұржан Бакеев. 

Жарылыс болған сәт. Фото: Tengrinews.kz

Жарылыстан ең қатты зардап шеккен - көпқабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан пәтер. Төтенше жағдай кезінде пәтер иесі үйінде екі баласымен және анасымен отырған. Бір бөлме қирап кеткен, гаражда тұрған көлікке зақым келген. Пәтер иесінің сөзінше, дәріхана өкілдері екі айдың ішінде залалды өтеп берген. 

"Қабырғаға жапсырма, есік, терезенің бәрін орналастырып берді. Гаражда толық жөндеу жұмысын жасады. Шамамен үш миллиондай жұмсалды. Гаражда ыдыс-аяқ, кіржуғыш, шаңсорғыш болған. Бәрін өтеді", - дейді Шымкент тұрғыны Умуджан Мамакримов. 

Жарылыс болған сәт. Фото: Tengrinews.kz

Еске салайық, 2022 жылы 21 мамырда болған жарылыстан үш адам: перзентхананың күзетшісі, құрылыс компаниясының қызметкері мен бала қайтыс болған. 15 адам жарақат алған, оның ішінде, перинаталдық орталық қызметкерлері - санитарлар, медбике және ғимаратта интернетті жөндеуге келген қызметкер бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина