Антикор "Атамекен" ҰКП экс-төрағасы ісіне қатысты мән-жайды айтты

Антикор "Атамекен" ҰКП экс-төрағасы ісіне қатысты мән-жайды айтты
Фото: ortcom.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі "Атамекен" ҰКП экс-төрағасы Абылай Мырзахметов ісіне қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

10 мамырда Антикоррупциялық қызмет "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовті ұстады.

Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенеді.

Күдікті Астана қаласы ПД УҰИ-на қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері туралы Антикоррупциялық қызметке және Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша хабарласуларыңызды сұраймыз.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске салайық, кеше, 10 мамырда "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пара алды деген күдікке ілінгені белгілі болды. 

Абылай Мырзахметов 2013 жылдан бері "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы, оған дейін 2007 жылдан "Атамекен" одағы Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарған. Ол 2022 жылғы ақпанда қызметінен кеткен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина