Шетелге заңсыз шығарылған 760 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды

Бас прокуратура шетелге заңсыз шығарылған 760 миллиард теңге мемлекетке қайтарылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2023 жылғы 12 мамырда Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста жұмыстың нәтижелері, жекелеген істер бойынша тыйым салынған мүлікті қабылдау тетіктері, сондай-ақ, параллель қаржылық тергеп-тексерулер жүргізу туралы мәселе қаралды. Құқық қорғау органдарына қаражатты жылыстату белгілерімен табыс алуға байланысты істер бойынша тиімді параллель тергеп-тексерулер ұйымдастыру тапсырылды.

Бұл негізгі қылмыс бойынша мән-жайларды анықтаумен қатар мүлікті заңсыз шығару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректерін анықтауға мүмкіндік береді.

Комиссия қылмыстық істер бойынша залалды өтеу кезінде мемлекет мүдделерін сақтау, төрелік және өзге де тәуекелдерді есепке алу қажетін көрсетті.

Бас прокурор Асылов Комиссия мүшелерінің алдында ел Президентінің активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын сапалы орындаудың ерекше маңызын атап өтті. Бұл ретте тергеп-тексерулер мен тексерістер орбитасына адал бизнесті тартуға жол берілмейтініне назар аударылды.

"Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 миллиард теңгеден аса сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар. Қайтару шаралары Комиссияның барлық мүшесімен және тартылған мемлекеттік органмен қабылданады. Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды", - делінген хабарламада. 

Мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31пайыз акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Басқа жағдайда Жоғарғы соттың қаулысы астаналық "Думан" қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 миллиард теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талаптарды қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер бар.

Мәселен, сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50 пайыз үлесі қайтарылды.

Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 миллиард теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар.

Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден аса сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 миллион АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.

Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының (ҚӨТ) кәсіпорындарынан қосымша 100 миллиард теңгеден аса салық өндіріп алды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚӨТ компанияларына 7 миллиард теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 миллиард теңгеге санкциялар қолданды.

Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан аса жер қайтарылды.

Сондай-ақ, нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылды.

Шетелде мүлікті анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.

Биыл сәуірде Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы институттың құрамына кіретін Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталығы (ICAR) - әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Комиссия қызметі аясындағы шаралар кешені экономикалық ресурстар тар шеңбердегі тұлғалардың қолында шоғырлануды тоқтатқанға дейін және адал бәсекелестік пайда болғанға дейін қабылданатын болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!