"Қазақстан музыкантарымен байланыс орнатқымыз келеді". Әлемге танымал Rastak тобы эксклюзив сұхбат берді

"Қазақстан музыкантарымен байланыс орнатқымыз келеді". Әлемге танымал Rastak тобы эксклюзив сұхбат берді
Фото: financialtribune.com

Алматыда 10-11 маусымда көптен күткен The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді! Аталмыш фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше танымал топтар келеді. Оның ішінде әлем музыка тыңдармандарының жүрегін өздерінің ұлттық музыкасымен жаулап алған Rastak тобы да бар. Massaget.kz тілшісі иран тобымен тілдесті.

Rastak  тобы Иран халықтарының этникалық музыкасын орындайтын топ ретінде белгілі, этникалық бағытты кеңінен насихаттау мақсатында 1997 жылы Тегеранда құрылған. Топ әртүрлі тілдерде - парсы, әзірбайжан, араб, күрд және т.б. әндерді жиі орындайды.

– Топ туралы толық мағлұмат беріп өтсеңіздер? Қашан құрылды, қандай музыкамен айналысасыздар, қай елдерде болдыңыздар?

Rastak  – қазіргі заманғы ирандық халық музыкасының танымал тобы. 1997 жылы эксперименталды музыкалық топ ретінде жұмыс істей бастады. Олардың басты мақсаты жаһандық аудитория үшін иран халқының музыкасын паш ету, түсіндіру және бүкіл әлемдегі музыканы жақсы көретіндермен байланысу болды. Топ дәстүрлі және фольклорлық аспаптарды, әуендер мен формаларды заманауи ырғақтармен үйлестіре отырып, тілді, мәдениет пен тарихты біріктіреді.

Rastak-тың миссиясы – ұрпақтарды жақындастыру, белгілі және түсініксіз әуендерді біріктіру арқылы музыкадағы алшақтықты жою.

Rastak  Иран, Англия, Австрия, Германия, Франция, Италия, Испания, Нидерланды, Швеция, АҚШ, Канада, Аустралия, Үндістан, Жапония, Малайзия, Чили, Польша, Түркия, Грузия, Бельгия, Оман, Беларусь, Қазақстан, Бангладеш, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері және т.б. елдердегі көптеген халықаралық музыкалық фестиваль мен концертте өнер көрсетті.

© photosiran.wordpress.com

–  Қазақстанда бұрын болдыңыздар ма?

Иә, біз Астанада өткен ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесінде өнер көрсеттік.

–  Біздің ел туралы не білесіздер?

Қазақстанды мәдени жағынан танимыз. Қазақстан өзінің сан алуан мәдени мұрасымен мақтанатын ел. Бұл мұра дәстүрлі және заманауи стильдердің тамаша үйлесімінде көрінеді. Елдің музыкалық сахнасы оның бай тарихы мен халқының мәдени тамырын сақтауға деген ұмтылысының шынайы айғағы.

– The Spirit of Tengri жобасы туралы не айтасыз?

Бұл халықаралық музыка фестивалі басқа да табысты халықаралық әлемдік музыка фестивальдері сияқты әртүрлі мәдениеттердің дәстүрлі музыкасының алуан түрлілігін дәріптейді, бірлік пен мәдени алмасуға ықпал етеді. Фестиваль музыканттар үшін өз музыкасын көрсету және жаңа аудиторияға қол жеткізу үшін платформа ұсынады. Жалпы алғанда, Spirit of Tengri жобасы дәстүрлі музыканың алуан түрлілігін дәріптейтін және мәдени алмасуға ықпал ететін құнды бастама.

–  Еліміздің музыканттарымен байланыстасыздар ма?

2019 жылы біз Borderless at Home жобасын іске қостық. Бұл жобада біз әлем музыкасы мен мәдениетінің сұлулығын бейнелейтін әлемнің хабаршысы болу үшін басқа елдердің музыкасымен тығыз жұмыс жасаймыз. Біз Түркияға көшіп келгеннен бері жобамен көбірек жұмыс істеуге кірістік. Біз жақсы музыканттарды кездестірдік және олармен ынтымақтастықпен жұмыс істеуді асыға күтеміз. Әзірге қазақстандық музыканттармен байланысуға мүмкіндік болмады. Біз олармен The Spirit of Tengri  фестивалінде кездесіп, алдағы байланыс туралы сөйлескіміз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, The Spirit of Tengri фестивалін бірнеше жыл бойы Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz. Іс-шара Республика сарайының алдындағы Абай алаңында 10-11 маусымда ашық аспан астындағы алаңда өтеді. Бұл күндері синоптиктер де ашық ауа райы болатынын болжап отыр. 

Т. Раушанұлы