Атырауда үш адамды әдейі өлтірген адам өмір бойына сотталды

Атырауда үш адамды әдейі өлтірген адам өмір бойына сотталды
Фото: "Мой ГОРОД"

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Авангард шағынауданында үш адамды өлтіру туралы іс бойынша үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, оқиға былтыр 15 наурызда Авангард шағынауданындағы соңғы автобус аялдамасында болған еді. 27 және 23 жастағы екі ер адам оқ тиіп қаза тапты. Тағы біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.  

Күдікті ұсталды. Ол Маңғыстау облысының 1993 жылы туған тұрғыны болып шықты. Кейінірек туыстары журналистерге күдікті өгей баласын ұрғанын айтты. Баланың биологиялық әкесі полицияға арыз жазды, ал оның туыстары жеке кездесуді ұсынған. Сол күні ер адам бірге тұратын әйелге кездесуге бара жатқанын және өзімен бірге мылтық алып кеткенін айтқан. 

Бұл іс бойынша полицей әрекет етпегені үшін жазаланды. Ол баланың биологиялық әкесінен бұрынғы әйелінің азаматтық некедегі күйеуі өгей ұлын ұрып жүргенін және заңсыз қару сақтап жүргенін білген. Алайда ешқандай шара қолданбаған. Бірінші сатыдағы сот тәртіп сақшысын құқық қорғау органдарындағы қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, сотталушы полиция капитаны арнайы атағынан айырылды.

Бірнеше айдан кейін сот алқасының қаулысымен бұрынғы полицейге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Оған тағы бір жаза тағайындалды - құқық қорғау органдарындағы қызметпен үш жылға айналысу құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру. Полиция капитаны арнайы атағынан айыру бөлігіндегі үкім жойылды.

Ал үш  адамды өлтірген адамға қатысты үкім 10 мамырда шықты. Прокурор мен жәбірленушілер сотталушыдан өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның өзі кінәні мойындамады. Қорғаныс жағы кісі өлтіру аффект жағдайында болды деп сендірді, яғни ер адамды ақтау керегін айтқан.

Сараптама қорытындысы бойынша, айыпталушы аффект жағдайында болмаған. Психикалық ауытқу да байқалмаған. 

Сот үкімімен сотталушы үш адамды қасақана өлтіргені, атыс қаруын тасымалдағаны, сақтағаны, қолданғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, қылмыс жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, сотталушыны түзету және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін әділ, қажетті және жеткілікті жаза тағайындау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, айыпталушы жәбірленушілерге 44 миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина