Димаш Құдайбергеннің Армениядағы концертінде күтпеген жағдай болды

Танымал әнші Димаш Құдайберген Армениядағы концертінде күтпеген жағдай болды. Ол жоғарыдан салбырап тұрған баланы ұстап алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видеоны өнер иесі Instagram-дағы парақшасында бөлісті.

"Жоғарыдан ыстық ықылас пен балалар жауды. Армениядағы концертімізді осылай аяқтадық. Лүпіл қойғаныңызға рақмет", - деп жазды ол видеоның сипаттамасына.

Видеода Димаш Құдайберген жанкүйерлерімен бірге залда жүріп келе жатқанын және күтпеген жерден жоғары қатардан салбырап тұрған баланы көтеріп алғанын көруге болады. Өнерпаз еш қиналмай, бір қолмен баланы көтеріп, екінші қолымен микрофонды ұстап, әнін жалғастыра берді.

Желі қолданушылары өнер иесінің бұл қылығына тәнті болып, түрлі пікір қалдырған. 

"Енді бірде-бір концертіңіз балаларсыз өтпейді. Димаш, сіздің керемет дауысыңызды әр бала дүниеге келген сәттен бастап тыңдауы керек, сол кезде әлем мейірім мен бақытқа толы болады", "Өз көзіммен көрдім. Бұл бір қызық болды", "Мейірімді жүрегіңіз үшін рақмет. Сіз - барған жеріңіздің бәріне нұр құйып, күнделікті іс-әрекетіңізбен махаббатты тарататын тамаша жансыз", "Иә, бұл - ең қызық сәт, ешқашан ұмытпаспын. Көп рақмет саған, Димаш", - деп жазған олар. 

Айта кетейік, Димаш Құдайберген - қазақстандық әнші. Ол Витебскіде өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар "Славян базары-2015" байқауында Гран-при жеңіп алған, "Халық сүйіктісі" Ұлттық сыйлығының лауреаты, "Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосқаны үшін" Қазақстан Республикасының Президенті Құрмет грамотасымен марапатталған, ABU TV song халықаралық фестивалінің қатысушысы. Ол Stranger, Ave Maria, "Қарағым-ай", "Дайдидау" сынды әндерді орындады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!