Ең жойқын шайқастар Мәскеуде болды - халық қаһарманы Иван Гапич

Ең жойқын шайқастар Мәскеуде болды - халық қаһарманы Иван Гапич
Фото: Видеодан алынған кадр

Қан майданнан аман оралғандардың бірі - Иван Гапич. Ардагер биыл 100-ге толды. Мерейтой қарсаңында кітабы шыққан. Ақмолалық қарапайым отбасынан шыққан батырдың бастан кешкені, оның Отанға деген адалдығы осы туындыда баяндалған. Иван Гапич өз еркімен мектеп оқушысы кезінде майданға аттанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Ол Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысқан. Ардагердің жауынгерлік еңбегі көптеген марапат пен медальдармен бағаланған. Ең біріншісі марапаты - "Ерлігі үшін".

"Бізді, 551 байланыс батальонының бір бөлігін Мәскеуге жіберді. Екі аптадан кейін екінші дәрежелі әскери инженер келді, қазір есімдегісі Фурманов еді. Ол бірнеше курсанттарды таңдады, соның ішінде мен де бармын. Батыстағы майданның штаб-пәтеріне қызмет ететін 375-байланыс радио бөліміне түстік. Қараша айында ең жойқын шайқастар Мәскеуде болды. Менің жауынгерлік жолым осылай басталды. Ең бірінші әрі ауыр әскери сынақ Смоленск облысындағы қақтығыста өтті. Майор Гарлосовтың арнайы жасағына жіберілген едім. Оның радио операторы қаза тауып, ол телеграф арқылы радист жіберуді сұраған", - дейді Халық қаһарманы Иван Гапич.

Соғыстан кейін Иван Гапич Алматы мемлекеттік заң институтына оқуға түсті. Кейін Қарағандыға жіберілді. Прокуратура органдарында еңбек жолын бастап, 35 жыл аянбай қызмет етті. Биыл ардагер 100 жылдығын атап өтті. Ғасырлық мерейтой қарсаңында оның "Иван Гапич. Ар-намыс пен парыз адамы" атты кітабы жарық көрді.

"Біз оның мерейтойы қарсаңында жазған кітабын таныстырдық. Кітап өте қызық болып шықты. Онда оның бүкіл өмірі баяндалған. Сондай-ақ, балалық шағы, соғыс кезі, майдандағы қызметі, жеңіске жету жолы және, әрине, жеңістің өзі дәйекті түрде баяндалған", - дейді Батыс Қазақстан облысының прокуроры Серік Шалабаев.

Иван Степанович Отанға қызметін жалғастырып жатыр. Жастармен кездесіп, оларға соғыс батырлары жайында ақпарат беріп, батылдық пен парыз туралы шер тарқатып келеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының жарлығымен 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жеңіс Парадының қатысушысы Иван Степанович Гапичке "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова