Петропавлдағы өрт туралы жаңа деректер белгілі болды

Петропавлдағы өрт туралы жаңа деректер белгілі болды

Петропавлда алапат өрттен 9 үй өртеніп, 40 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тілсіз жау кеше кешке басталған. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаметі мәліметінше, 101 телефонына сағат 18.57-де Петропавл қаласының шетіндегі Сенная көшесі 5 мекенжайы бойынша ашық алаңда қамыс тұтанғаны туралы хабаралма түскен.

"Оқиға орнында Солтүстік Қазақстан облысының өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары мемлекеттік мекемесі, Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл қаласындағы өрт сөндіру командасы, жергілікті атқарушы органдар, "Қызылжар Су" және мемлекеттік емес өрт сөндіруші қызметі мен Полиция департаметінің күш құрылымдары жұмылдырылды. Жеке құрамның 137 сарбазы мен 28 техникасы өрт сөндіруге қатысты", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілі. 

Оқиға орнында баспанасынан айырылып, қатты есеңгіреген адамдарға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің психологтары көмек көрсетіп жатыр. 

"Абырой болғанда, өрттен зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Қазір алапат өрттің шығу себептері анықталып жатыр", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілі. 

Айта кетейік, қазір Көкшетау қаласын да таңнан бері қою түтін басқан. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар қызметі бұл түтін Солтүстік Қазақстан облысынан жеткенін хабарлады. Көкшетау қаласында да адамдардың тыныс алуы қиындағаны байқалған. 

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда өрт шығып, 40 адам эвакуацияланғаны хабарланған еді.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова