Шатырларды ұшырып әкетті: Түркістанда қатты желден келген залал көлемі артты

Басталса, бір жұма болмай тоқтамайтын Түркістанның желі тал-ағаштарды жұлып, бағаналары құлатып, тіпті шатырларды ұшырап әкетті. Қатты дауыл екпінінен Кентау қаласындағы Қазпошта ғимаратының шатыры жерге құлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Шатыр мекемеден 300 метр жердегі саябақтың қақ ортасына түскен. Төтенше жағдай қызметкелері қанша жерден көлегейлеп, тұрғындарды ол аумаққа жібермеуге тырысқанымен, одан қауіп сейілмей тұр. Себебі қаңылтырлар екпінді желмен жан-жаққа ұшуда.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев "Қазіргі таңда қатты дауыл салдарынан зардап шеккен ешбір азамат тіркелген жоқ. Егер ондай жағдай болса, жасырмай айтып, ақпарат құралдарына жариялаймыз" дейді.

Тек Кентау ғана емес, Түркістанда да осыған ұқсас оқиғалар орын алды. Атап айтқанда, әлі пайдалануға берілмеген Қожа Ахмет Ясауи мұражайының да төбесі дауыл екпініне төтеп бере алмаған. Жабынды материалдарының бір шеті жалбыраған видеосы әлеуметтік желілерді шарлап кеткен болатын.
Желдің қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз, сондықтан Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарды сақ болуға, әсіресе балалар мен қарттарды үйден шығармауды ескертті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!