Алматы тұрғыны тығып асыраған арыстандардың жағдайы белгілі болды

Алматы тұрғыны тығып асыраған арыстандардың жағдайы белгілі болды
Фото: КТК кадры

Жақында ғана алматылық тұрғынның үйінен табылған арыстандар аман. Олар хайуанаттар бағына үйреніп жатыр: тамақ жей бастаған, бірақ адамдармен байланыс жасамайды. Үй қамауынан шығарылған жыртқыштар жабық карантин аймағына уақытша орналастырылды. Ветеринарлар жануарлардың жағдайын қадағалап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Арыстандар кеше түнде хайуанаттар бағына қоныстанған. Қазір олар кәсіби мамандардың қолында.

Алматы хайуанаттар бағының бас мал дәрігері Азамат Дүйсеновтің айтуынша, жануарларды әкелген кезде олардың бірінің мойнында шынжырлы қарғыбау болған, ол бірден босатылған. Бастапқы тексеру кезінде мамандар басқа зорлық-зомбылық белгілерін таппағанымен, үй жануарларының аз тамақтанғанын байқаған.

"Олар қорыққан, өйткені көрініс толығымен өзгерді, адамдар бейтаныс. Әзірге оларға ешқандай процедура жасаған жоқпыз. Бір апта ішінде олар тынышталады, содан кейін иммобилизация жасаймыз, қан анализін және басқаларын аламыз. Жай қарап оларға бірдеңе еккенін айта алмаймыз", - деп түсіндірді ветеринар.

Екі арыстанға да, мамандардың айтуынша, бес айдан аспайды. Мүмкін олар іні-қарындас. Олардың қайдан әкелінгені, қамауда қанша уақыт және не үшін ұсталғаны жұмбақ күйде қалып отыр.

Еске салайық, 22 жастағы алматылық тұрғыннан екі арыстанның күшігі табылған болатын. Дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларды заңсыз ұстау" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан