"Жас сарбаз" қозғалысының аясында 400 үйірме ашылды

Мемлекет басшысы - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысында "Жас сарбаз" қозғалысының аясында қанша үйірме ашылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Тағы бір маңызды міндет - жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Елімізде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың қатарында 260 мыңнан астам жасөспірім бар. "Жас сарбаз" қозғалысының аясында 400 "Смарт сарбаз" үйірмесі ашылды. Бұл үйірмелерге 6 мыңға жуық жас жеткіншек қатысады.

Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет. Бауыржан Момышұлы "Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады" деген.

Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ "Жас сарбаз" қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн", - деді Мемлекет басшысы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!