"Теріс ағым өкілі болуы мүмкін". Алматылық әйел екі баласын таба алмай жүр

"Теріс ағым өкілі болуы мүмкін".  Алматылық әйел екі баласын таба алмай жүр
Фото: "Көреміз" бағдарламасынан алынған кадр

Алматылық әйел екі баласын іздеп жүр. Оның сөзінше, олардың жоғалуына бұрынғы күйеуі кінәлі. Бұл мәселені айтқан ол "Көреміз" бағдарламасына жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматылық Индира Қойшина күйеуі Ғазиз Мұхамбетовпен 7 жыл бір шаңырақта тұрып, кейін екіге кеткен. Олардың ажырасқанына 4 жыл болған. Заң бойынша екі бала Индирада қалған. Бірақ әйел қазір 8 және 10 жастағы балаларын іздеп жүр. Әйелдің сөзінше, 24 желтоқсанда экс-күйеуі демалыс күндерін ұлдарымен өткізу үшін оларды алып кеткен. Әдетте ер адам балаларын қыдыртуға алып кетіп жүрген. Алайда Индира 4 айдан бері балаларынан хабар алмай отыр. 

Индира күйеуі теріс ағым өкілі деп күмәнданады. Ал бұрынғы ата-енесі балалар аман екенін ғана айтқан. Әйелдің сөзінше, бұл балалар жоғалып отырған бірінші жағдай емес. Алғашында ер адам балаларды Мысырға алып кеткен.

"Бұл бірінші рет емес, үшінші рет қайталанып отыр. 2022 жылғы мамырда болды. Құжатты өтірік жолмен алып, Мысыр еліне шығып кеткен. Келгеннен кейін балдардан "не үшін бардыңыздар" деп сұрағанда, "оқуға бардық" деген. Содан кейін екі аптадан кейін келіп, Алматыда үш ай бойы тығылып жүрген", - дейді әйел.

Интерполдың Қазақстан Республикасындағы ұлттық орталық бюросы мәліметінше, үш ай із-түзсіз кеткендер Мавританияның астанасы Нуакшот қаласында. Олар 27 желтоқсанда Бішкек-Ыстамбұл бағытындағы ұшақпен Түркияға кеткен. Ал 28 желтоқсанда Мароккоға ұшқан. Одан әрі Мұхамбетов балаларымен бірге Нуакшотқа ұшқан.

Әйел бұрынғы күйеуі шетелде қандай қаражатқа жүргенін білмейді. 

"Ағылшынша біледі, арабша біледі. Балдарға да арабша жақсы үйреткен. Алып сатумен айналысатын. Үлкен кәсіп деп айтпаймын. Білуімше, белгілі бір капиталы жоқ", - деді ол.

Елшілік өкілдері бұл ақпаратты толық тексеретіндерін мәлімдеді. Сондай-ақ, балаларға халықаралық іздеу жарияланған. Бағдарлама мәліметінше, ер адам әке құқығынан да айырылған. Енді олар алдағы уақытта тағы іздестіріледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова