Келесі пандемия Суданда басталуы мүмкін бе?

Келесі пандемия Суданда басталуы мүмкін бе?
Фото: elements.envato.com

Желі қолданушылары Суданда әскери төңкеріс салдарынан қауіпті патогендердің үлгісі бар биологиялық зертханалар бұзылды деп жазып жатыр. Олардың айтуынша, бұл келесі пандемияның басталуына себеп болады. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Биыл 15 сәуірде Суданда әскери төңкеріс басталды. Қақтығыстар бірден бірнеше қалада болды. Нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.

Төңкеріс кезінде ел астанасы Хартумда Ұлттық денсаулық сақтау зертханасы басып алынды. Ең қауіптісі, онда қызылша мен тырысқақ қоздырғыштарының үлгілері сақталған, мамандар оларға қол жеткізе алмай отыр. Патогендердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мәселесі туындады.

Алайда ДДСҰ бұл жағдайды "биологиялық қауіп" деп мойындағанымен, Судандағы зертхананы басып алу салдарынан әлемде пандемияның болуы екіталай. Қызылша мен тырысқаққа қарсы тиімді вакциналар бұрыннан бар.

Сонымен қатар, әлемнің көптеген дамыған елінде қызылшаға қарсы вакцинация балалар үшін міндетті. Тырысқаққа қарсы вакцина міндетті емес, бірақ адам тырысқақ жиі кездесетін елдерге саяхаттағысы, егілуге болады. 

Қорыта айтқанда, таралған хабарлама шындыққа жанаспайды. Біріншіден, Суданда биозертханалар бұзылған жоқ. Бір ғана Ұлттық денсаулық сақтау зертханасы басып алынды. Екіншіден, онда сақталатын қоздырғыштар белгілі және жақсы зерттелген. Оларға қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмек бар. Үшіншіден, бұл зертхананы басып алу келесі пандемияның басталуына әкелетініне сенуге негіз жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек