Байқоңырда ресейлік полицейді балағаттаған тұрғынның ісі тергеліп жатыр

Байқоңыр тұрғыны ресейлік полицейді қорлау туралы іс бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы "Байқоңыр" кешені прокуратурасының баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"Кешен прокуратурасы 37 жастағы жергілікті тұрғынның Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 319-бабында (лауазымдық міндеттерін атқарған кезде билік өкілін көпшілік алдында қорлау - еск.) көзделген қылмыс жасағаны бойынша қылмыстық іс қозғауды заңды деп таныды", - делінген хабарламада.

Телеарна мәліметінше, 1 сәуірде күдікті мас күйінде Байқоңыр шаштараздарының бірінде әкімшілік құқықбұзушылық, яғни ұсақ бұзақылық жасаған.

"Оқиға орнына полиция қызметкері қаскүнемнің заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында барғаннан кейін ол басқа адамдардың көзінше тәртіп сақшысын қорлай бастады, бұл ретте құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтату туралы заңды талаптарға жауап бермеді. Сондықтан "Байқоңыр" кешенінде ұсталып, Ресей ІІМБ-ғе жеткізілді", - делінген хабарламада.

Қазір қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!