Президент резиденциясына "жиһад": қостанайлыққа сот үкімі шықты

Президент резиденциясына "жиһад": қостанайлыққа сот үкімі шықты
Фото: ves-novgorod.ru

Қостанайда ер адам полицияға қоңырау шалып, Президент резиденциясына "жиһад" жасайтынын айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Костанайские новости" басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, 38 жастағы қостанайлық Олжас Дүйсекеев былтыр тамызда өзінің ұялы телефонынан полицияға қоңырау шалып, қаруланғанын және Президенттің Қостанайдағы резиденциясында жиһад жасайтынын айтқан. Барлық барлау қызметі сол жерге барған. Кейін хабарлама жалған болып шыққан.

Ер адам жұмыстан шығарылған. Ал сотта Олжас Дүйсекеев сол күні әйелінің ауруы туралы білгенін, қапаланғанын және мас болғанын түсіндірді. Ол "жиһад" деген қайдан шыққанына таңғалады, өйткені ол дінге берік адам емес екен. Ол өкініп, прокурормен кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасады.

Жалған террористке екі жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді. Сонымен қатар, ол жыл сайын жүз сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады. Пробациялық бақылауды бұзған жағдайда ер адамға нақты бас бостандығынан айыру қаупі төнеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова