"38 көліктің орнына тек 25-і жүр". Семейлік жедел жәрдем жүргізушілері неге наразы?

Семейдегі жедел жәрдем станциясының жүргізушілері жұмыста тиісті жағдайдың жасалмай отырғанына наразылықтарын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олардың айтуынша, жақында жедел жәрдем бригадаларының саны қысқарған. Алайда саны қысқарғанмен жұмыс азаймаған, жалақы өспеген. Тіпті, арнайы киім де берілмейді екен.

"Қазір қалада жүрген жедел жәрдем көліктерінің саны әдеттегіден екі есе аз. Негізі жедел жәрдем көліктерінің саны 38 болуы керек. Қазір тек 25-і ғана жүр. Оның өзінде 5-уі тоқтап тұр. Жұмысымыз бастан асады, жалақымыз "баяғы жартас – сол жартас". Алатынымыз бар-жоғы 130 мың теңге. 2022 жылы бізге Ли деген жаңа басшы келді. Жұмысын бригадалар санын қысқартудан бастады" - деді жедел жәрдем станциясының қызметкері Серік Жұмағалиев қалалық қоғамдық кеңес отырысында.

Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Владимир Ли мұның себебін мекемеде кредиторлық қарыздың көбейіп кетуімен түсіндірді.

"Мен жұмысқа кіріскенде мекеменің қарызы 360 миллион теңге болды. Біздің ақшаның негізгі бөлігі қызметкерлердің жалақысына кетеді. Бір ғана бригадаға 50 миллион теңге төлейміз. Арнайы киімге келсек, бұл менің құзырымдағы дүние емес. Қателеспесем, 2017 жылы бір рет барлық қызметкерге берілді. Бізде барлық қызметкерлерімізге киім алу үшін 200 миллион теңге керек. Мұндай қаржыны табу мүмкін емес" - дейді бас дәрігер.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!