Монша, сауна ерлерге зиян ба? Отандық уролог жауабы

Монша, сауна ерлерге зиян ба? Отандық уролог жауабы
Фото: radio1.news

Ыстық ванна, монша мен сауна ерлердің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін бе? Жалпы ыстық температураның ер ұрығына зиян екені жиі айтылады. Осы сияқты маңызды сұрақтарға уролог-андролог  Тұрар Құрманбеков  жауап берді.

Оның айтуынша, ыстық су немесе ыстық моншадағы температура ер ұрығына зиян. Балалы болуды жоспарлап жүрген ерлерге ыстық суға түсуге кеңес берілмейді.

"Жігіттер монша-саунаға құмар келеді. Отбасын құрайын деп жүрген немесе үйленіп балалы болуды жоспарлап жүрген ерлерге моншаға жиі баруға кеңес берілмейді. Себебі ұрық ер жұмыртқасында өндіріледі. Оның температурасы дене температурасынан 1-1,5 градус төмен болады. Ал сіз моншаға барған кезде 50-60 градус ыстықтың үстінде отырасыз. Ондай жоғары температураны ер жұмыртқасы сүймейді, себебі ыстықтан сперматозоидтар өліп қалады немесе сапасы төмендейді", - дейді уролог.

уролог-андролог  Тұрар Құрманбеков

Бұған дейін ер адамдарға автокөліктердегі жылытылатын орындықтардың зиян екенін жазған болатынбыз. Қазақстандық уролог та көліктегі ыстық орындықтың ер ұрығына кері әсер ететінін айтады.

"Тек монша-сауна емес, жігіттер көліктегі ыстық орындықтардан да абай болғаны дұрыс. Әрине, бәріміз ыстық жерде отырғанды қалаймыз, бірақ оның да өз мөлшері бар. Орындықты тым ысытып отыра беруге болмайды", - дейді ол.

Сондықтан ұзақ сапарларда бұл функцияны өшіру керек - сапарды бастамас бұрын көліктегі орындықты жылытқан дұрыс.

Айта кетейік, қазақстандық уролог Тұрар Құрманбеков ерлерде инфекция бар екенін қалай білуге болатынын айтқан болатын.

Т. Раушанұлы