1 гектары - 1050 теңге. Депутат Ресей жалға алып отырған жерлердің мәселесін көтерді

1 гектары - 1050 теңге. Депутат Ресей жалға алып отырған жерлердің мәселесін көтерді
Фото: pixabay

"Ауыл" фракциясынан сайланған депутат Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер жетіспеушілігі мәселесін көтеріп, Ресей жалға алып отырған әскери полигон жерлеріне қатысты шарттарды қайта қарастыруға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орынға ие болса да, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін толық көлемде өтей алмай отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әр өңірде ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтар жер жетіспеушілігіне тап болады.

"Мәселені шешу нұсқаларының бірі - Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондардың жерлерін пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстан - Ресей комиссиясы мүшелерінің ұстанымын түбегейлі өзгерту", - деді депутат.

Депутат сауалында 1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигон үшін 8 жарым милллион гектардан аса немесе 86 мың шаршы шақырым жерді 1 гектарына 1050 теңге көлеміндегі шартты төлеммен жалға алатынын, бұл 2005 жылдан бері өзгермегенін айтты.

"Жер құнын кім және қандай әдістеме бойынша бағалады, жалдау мерзімі аяқталған кезде бір гектар полигонды толық қалпына келтіру үшін мың теңге жеткілікті ме, әлде мұның бәрі республика бюджетіне түсе ме деген сұрақ қоямыз", - дейді ол.

Серік Егізбаев жалдау шартын қайта қараудың келесі мерзімі 2030 жылы басталатынын айтты. Сондықтан халықаралық уағдаластықтың мызғымастық қағидатын қолдай отырып, партия тарапынан бірқатар ұсыныс білдірген. Бұл қатарда жер учаскелерін азайту, жалдау ақысын өзгерту, 2030 жылы әскери полигондарға жер жалдауды ұзарту немесе тоқтату мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұстанымын айқындау секілді мәселелер бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова