Алматыда балаларды тегін үйірмеге тіркейтін жүйеден ақау шықты

Алматыда балаларды тегін үйірмеге тіркейтін жүйеден ақау шықты
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда ата-аналар балаларын тегін үйірмелерге тіркей алмай отыр, өйткені өтініш беретін жүйеден ақау шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

DamuBala жүйесі енді өтініштерді 3 мамырда 18:00-ден бастап беруге болатынын хабарлады.

"Құрметті DamuBala жүйесін қолданушылар! Өкінішке қарай, бізге байланысты емес себептерге байланысты Алматыға кезекке тұру мүмкіндігі бүгін жүзеге аспады. Кезектің ашықтығы пен оның әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін кезекке тұру ертеңгі күні, яғни 3 мамыр сағат 18:00-де қайта басталады. Түсіністік танытқандарыңыз үшін рахмет!", - делінген хабарламада.

Мұның алдында DamuBala Алматыда кезекке тіркелу екі кезеңде өтетінін хабарлаған еді.

"Бірінші кезең 2 мамырда басталады және 2023 жылдың сәуірінде қолданыстағы қызмет көрсетушілер актілерге қол қойғаннан кейін аяқталады. Осы аралықта 12 000 жолдама таратылады. Бірінші кезеңде әр аудан бойынша ваучерлердің қажеттілігі бағаланады.

Екінші кезең 18 мамырдан кейін актілер жабылған сәттен басталады. Кезек қайта ашылған соң және 1-кезеңде ваучерді ала алмаған (ЭСҚ жасамаған, секция бойынша қайда баруын шешім қабылдамаған, уақытында хабардар болмаған және т.б.) ата-ана баласын тіркеуге мүмкіндік алады.

Ваучерлерді беру оператордың ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға көзделген қаражатты толық бөлгеннен кейін ғана аяқталады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2 мамырдан бастап балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тіркеу басталатынын хабарлаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан