Министрлік депутаттың "Ясауи кесенесі жер астына кетеді" деген мәлімдемесіне жауап берді

Министрлік депутаттың "Ясауи кесенесі жер астына кетеді" деген мәлімдемесіне жауап берді
Фото: kozhalar.kz

Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске салайық, бұған дейін депутат Мақсат Толықбай кесененің жағдайы мүшкіл екенін айтқан болатын. Минстрліктің Мәдениет комитеті өкілдері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ежелгі дәуірдің артефактісі және осы орайда ерекше режимді, күтуді, қорғауды қажет ететінін атап өтті.

"Ежелгі ескерткіш қазіргі заманның климаттық, антропогендік, табиғи әсерлерін әртүрлі қабылдайды. Қазіргі кезеңде Кесененің қабырғаларының кейбір бөліктері ылғал тартқаны рас. Ылғалданудың себептері әртүрлі факторлардан туындауы мүмкін. Мәселен, Кесененің айналасында суғаруды қажет ететін аумақтар ұлғайды, іргелес аумақта жасанды су каналы жұмыс жасап тұр, жерасты сулары да алыс емес (Сырдария, Арыс-Түркістан каналы жақын), оның үстіне климаттың өзгеру құбылысы да бар. Ауа райы тізбегінен белгілі, мәселен, Түркістан облысында биыл қар мен жауын-шашынның мөлшері ұлғайған. Осы орайда бұл жайттардың бәрі бұл ретте де зерделеніп жатыр және бұл бағытта әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттарының мамандары жұмыс атқарып жатыр", - делінген Massaget.kz редакциясына берілген ресми жауапта.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Ведомство өкілдерінің сөзінше, жалпы Кесененің техникалық жағдайы бірқалыпты тұрақты болған емес. Қолдағы ғылыми деректер бойынша, кесенеде ылғалдану, олардан туындайтын қара дақтар әртүрлі кезеңдерде болып отырған. Алайда, тиісті қабылданған шаралардың барысында бірқалыпты жағдайға келген.

"Кесененің сақталуы жағдайы барлық уақытта тұрақты түрде мүдделі мемлекеттік органдардың, мамандардың бақылауында болып келеді. Қазіргі кезеңде орын алған проблеманы шешу мақсатында барлық күш жұмылдырылған. Мысалы, кесенені сақтау, дамыту кешенді жоспары бекітілген, әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттары зерттеуге тартылған, кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, жарықшақтарды байқап отыратын мониторингтік жүйе орнатылды", - дейді ведомство өкілдері. 


Фото: Түркістан облысы туризм басқармасының "Turkistan Tourism Center "Туристік ақпараттық орталығы" КММ

Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті қорытындылай келгенде кесенеде проблемалар барын, алайда кесене жер астына кетеді деген болжамды қауіп негізсіз екенін атап өтті.

"Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - Бүкіләлемдік мұра объектісі. Бүкіләлемдік мұраны қорғау Конвенциясының талаптарына сай кесене жыл сайын тұрақты техникалық сүйемелденіп отырады. Кесене көне объект болуына орай ол жерде кепілдік мерзіммен жұмыс істеуі мүмкін емес", - делінген жауапта. 

Жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр - Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екенін айтты

Еске салайық, бұған дейін депутат Мақсат Толықбай Мәжілісте Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы бүгінде мүшкіл екенін айтқан болатын. Ол кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын атап өтті.

Депутат олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрғанын, Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтауға міндетті екенін атап өтті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина