Жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр - Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екенін айтты

Жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр - Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екенін айтты
Фото: kozhalar.kz

Депутат Мақсат Толықбай Мәжілісте Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы бүгінде мүшкіл екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мақсат Толықбай кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын атап өтті.

"Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі, кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал, абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес.

Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу - қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ, күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген "Қазқайтажаңғырту" республикалық мемлекеттік кәсіпорны "қанағаттанарлық" деп қана баға берген", - дейді Мақсат Толықбай. 

Депутат осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрғанын, Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтауға міндетті екенін атап өтті. 

"Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ, 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылдың 10-25 қыркүйегінде Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ. 

Сол себепті Алтай Сейдірұлы, мен сізден кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын "AMANAT" фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз", - деді депутат.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина