Алматы облысындағы ауыл тұрғындары тек қазақ тілінде сөйлейді

Алматы облысында кейінгі жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сонымен қатар, телеарна мәліметінше, Алматы облысындағы Үшбұлақ ауылында тұрғындар ұлтына қарамастан тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысады.  

Евгений Дуанбеков туған ауылына медициналық колледжді бітіргеннен кейін келген. Қазір ол ауылда сұранысқа ие мамандардың бірі. Ол округтегі жалғыз фельдшер. Евгений қазақ тілін туған тілі деп санайды екен. 

"Барлық досым қазақ. Осы өңірде тудым, бәріміз қазақ тілінде сөйлесеміз. Жұмыс кезінде үнемі қазақ тілінде сөйлеуге тра келеді. Егер тіл білмесең, науқасты не мазалап тұрғанын қалай түсінесің?", - дейді Евгений Дуанбеков. 

Евгенийдің жанұясы ұлтына қарамастан қазақ тілінде сөйлесетін отбасылардың бірі. Ал Дуанбеков тегі анасының арғы атасынан берілген екен. 

"Қазақ тілі қанымызға сіңіп кеткен десек болады. Өзіміз де қазақ тілінде сөйлейміз, келініме де қазақ тілін үйретіп жүрміз. Немере, шөберелерімізге де қазақ тілін үйретеміз", - дейді Үшбұлақ ауылының тұрғыны Эльмира Мажарова.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!