Түркістанда 46 автобус жаңарып, 456 аялдама орнатылады

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 86 автобус (оның ішінде, 2022 жылы - 28) алынған.


"Биылғы меже бойынша қалаға тасымалдаушы мекемелер есебінен 46 жаңа автобус алу жоспарланып отыр. Жаңа автобустар алынған жағдайда №16 бағытын ашу, сондай-ақ №4, 4а, 2а, 9, 9а бағыттарындағы шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары 46 автобусқа ауыстыру көзделіп отыр", - деді шаһар басшысы.



Сонымен қатар, қала аумағында жалпы 456 аялдама қажеттілігі анықталып, 2022 жылы қалаішілік орталық көшелерге 150 дана аялдама орнатылған. Биыл қосымша 100 аялдама орнату қолға алынды. Қалған 206 аялдаманы кезең-кезеңімен шешу жоспарланған.

Түркістан қаласында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме 210 автобус, шағын автобустармен қызмет көрсетеді. Бірақ осының өзі қала жұртшылығын толық қамти алмай отыр, өйткені халық саны бұрынғыдан әлдеқайда өскен. Жаңа көше, жаңа ықшамаудандардың кейбіріне әлі бағыттағы көліктер барған жоқ. Сондықтан Түркістан халқы жаңа автобустар мен аялдамаларды асыға күтуде.


Әсел Әзбекова есімді қала тұрғыны "Мен тұратын 36 көшеге әлі бағыттағы көліктердің ешқайсысы бармайды. 4-5 көше бері түсіп қалып, әрі қарай жаяу қатынаймыз. Әсіресе балалар қиналып кетті. Тезірек жаңа автобустар келіп, транспорт мәселесі шешілсе екен" - дейді.

Мариям Әбсаттар

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!