62 техника және 77 маман жұмылдырылды: Түркістанда шіркейлерге қарсы күрес басталды

62 техника және 77 маман жұмылдырылды: Түркістанда шіркейлерге қарсы күрес басталды
Фото: автордан

Мал мен жаны шіркейге таланып, бет-ауыздары мен денесі шиедей болған Түркістан облысының аумағында қансорғыш жәндіктердің көзін жоюға арналған ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер ЖШС "Satti Tulik" анықталып, олар дереу дезинсекциялық жұмыстарын жүргізуге кірісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жөнінде Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде жауапты сала өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Онда сөз алған Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Атап айтсақ, Түркістан қаласы аумағында 386,4 га жер теліміне химиялық әдіспен 3 рет дезинсекция шаралары жүргізілді. Кентау қаласы аумағында 37,9 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары атқарылды. Арыс қаласы аумағында 279,23 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Арыс қаласынан өтетін Сырдария өзеніне 22680 литр бактицид препараты қолданылып, биологиялық әдіспен өңделді. Отырар ауданы аумағында 166,3 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары жүргізілді", - деді басқарма басшысы.

Отырар аумағынан өтетін Сырдария өзеніне 12960 литр бактицид препараты қолданылып, биологиялық әдіспен өңделді. Сауран ауданы аумағында 107,5 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары қолға алынды. Шардара ауданы аумағында 243,8 га жер теліміне кардинал, фипрон препараттары қолданылу арқылы 2 рет дезинсекция шаралары өткізілді. Сонымен қатар Шардара аумағынан өтетін Сырдария өзенін өңдеуге 9720 литр бактицид препараты қолданылды.

Жалпы, дезинсекция шаралары облыс аумағында наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Жәндіктермен күресу жұмыстары химиялық (кардинал, фипрон) және биологиялық (бактицид) әдістерімен өңделуде. Жалпы 3663 га аумақ химиялық әдіспен және Сырдария өзеніне биологиялық әдіспен 2 кезеңмен суға төгу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам жұмылдырылған. Дезинсекция жұмыстарына 62 техника және 77 адам тартылған.

Мәриям Әбсаттар

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы