Телеграм каналға алданған атыраулық әп-сәтте 300 мың теңгесінен айрылып қалған

Телеграм каналға алданған атыраулық әп-сәтте 300 мың теңгесінен айрылып қалған
Фото: Автордан

Ақшамды еселеймін деп, "Энергия денег от Гульнар" деп аталатын телеграм каналға алданған атыраулық келіншек қазақстандықтарды жалған жарнамаларға сенбеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір блогер біткеннің барлығы инстаграм арқылы табыс табуға шақырып жатады ғой. Қолымда омыраудағы сәбиім бар болған соң, мен де үйде отырып табыс табу жолдарын қарастырып жүрдім. Бірде Instagram желісінен бір жарнаманы көріп қалдым. Өзін брокер Гүлнара Даукеновамын деп таныстырған әйел трейдинг арқылы табыс табуға шақырды. Telegram мен Instagram да үлкен аудиториясы бар екен. Әлгі Гүлнараның жеті атасына дейін алғысты жаудырып жатқандардың видеоларын көргенімде, кәдімгідей сеніп қалдым. Сөйтіп, Гүлнара көрсеткен шотқа 300 мың теңге аудардым. Оның өзін біреуден қарызға алдым. Содан кейін ақшам да жоқ, Гүлнар да жоқ, қарап отырып шығынға батып қалдым. Полицияға шағымдандым. Бірақ, арада төрт ай өтті. Әлі жауап жоқ дейді", – дейді Гүлмира Галиахметова.

Осы материалды жазып отырып, Фейсбук желісінен күмәнді жарнаманы көріп қалдық. Гүлнара Даукенованың атын жамылған алаяқтар командасы телеграмда "Ақша энергиясы" деген атаумен канал ашып, жұмыс жасап жатыр екен. Тіпті, бірнеше ватсап номерлері арқылы байланысқа шығып, адамдарды әп-сәтте табысты болуға шақырып, жарнаманы емін еркін жасап жатыр.

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда кибералаяқтардан зардап шеккендер саны өсіп жатыр деп дабыл қағуда. ​ Өткен жылы 17 500 қазақстандық интернет алаяқтардың құрбаны болған. Соның салдарынан алданған қазақстандықтар 15 млрд.​ теңге шығынға батқан.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы