Лондонда алматылық суретші Айғана Ғалидің көрмесі ашылды

Лондонда алматылық суретші Айғана Ғалидің көрмесі ашылды
Фото: "Хабар 24" телеарнасы

Лондонда алматылық суретші Айғана Ғалидің көрмесі ашылды. Автор абстракция стилінде салынған суреттерінің жаңа топтамасын "жарық" тақырыбымен байланыстырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Жарқыраған шарлар, импульс электр ағындары, сары сәулелер - мұның бәрі Айғана Ғалидің суреттерінде көрініс тапқан. Автор өз еңбектерінде сәулемен шағылысып, әртүрлі кейіпке енген заттарды бейнелеуге тырысқан. Сарапшылар "картиналар мүлдем басқа тілде сөйлейді. Кванттық физика немесе космология тілі ме дерсің" дейді. Айғана суреттеріне ұлттық рең беріп, картиналарын "Шаңқобыз", "Киіз үй", "Қосын" және "Өрнек" деп атаған.  

"Автордың төл мәдениетіне өте жақын екенін және оны жоғары бағалайтынын анық аңғаруға болады. Ол көп жұмысы арқылы Ұлы даладан бастау алатын Тәңіршілдік идеясын жеткізуге тырысқан. Бірақ оның шығармашылығының дінге еш қатысы жоқ, абстракт өнер деп бағалар едім", - дейді көрме кураторы Нико Кос Ерл.

Айғана Ғали өз шығармашылығында кенеп пен қағаздан бастап тоқыма мен қолаға дейін пайдаланады. Көп салалы суретші - Алматының тумасы, әкесі қазақ, анасы грузин ұлтынан. Айғана әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелер өткізіп, туындылары арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттаумен келеді. Өкінішке қарай, көрменің ашылуына Айғана келе алмады.

"Меніңше, кез келген қазақстандық суретші үшін шетелдерде көрмелерге қатысып, әлемдік мәдениетпен біте қайнасу өте маңызды. Бірақ солай бола тұра, автор өз үнін сақтай білу керек. Менің бақытыма орай жұмыстарым зор сұранысқа ие және дүниежүзі бойынша жеке адамдардың үйлеріне немесе мұражайларға қойылған", - деді суретші Айғана Ғали.

Көрме 1 айға созылады. Кейбір картиналар өнер жәрмеңкелеріне қойылып, саудаға шығарылады. Алдағы уақытта Айғана Ғали Америкада жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, суреттері кітап болып басылып, оқырман назарына ұсынылмақ.

"Айғана Ұлы далада туып-өсті. Мен әлемнің ол бөлігін ешқашан көрген емеспін. Меніңше, Айғана саналы түрде, бәлкім, бейсаналы түрде туған жерінің мықтылығын паш етіп жатыр. Мен Қазақстанға барып, саяхаттағым келеді", - дейді көрермен Кейт Брейн.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек