Ақтауда дүкен атауындағы "Z" әріпін видеоға түсіріп, жалған ақпарат таратқан адам жазаланды

Ақтауда дүкен атауындағы "Z" әріпін видеоға түсіріп, жалған ақпарат таратқан адам жазаланды
Фото: көрнекі сурет

Ақтауда дүкенге қатысты "Украинаға қарсы Ресейлік агрессияны насихаттайды деп" видео түсіріп, таратқан адам жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiмет тарату дерегі бойынша Т-ға қатысты іс қаралған (ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі).

Сот мәліметінше, 28 ақпанда сағат 21.00 шамасында Т. Ақтау қаласында орналасқан дүкен маңында тұрып, оның атауындағы "Z" әріпін бөліп, Украинаға қарсы Ресейлік агрессияны насихаттайды деп түсірілім жасап, Facebook әлеуметтік желісі арқылы видеоны таратқан.

Бұл факт әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттама, полиция қызметкерінің баянаты, жәбірленушінің арызымен толық дәлелін тапқан.

"Іс бойынша жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Сот қаулысы бойынша Т. ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды", - делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан