Балық шаруашылығының басына бұлт үйірілді

Павлодар облысындағы тауарлық балық өсіретін жалғыз шаруашылықтың басына бұлт үйірілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балық өсіріп, шабақтарды жетілдірумен айналысатын шаруашылықтың құрылғанына 15 жыл болды. Олар үш жер телімін жалға алған. Бірінде уылдырық шаштырады, екіншісінде шабақтар жетіледі, ал, үшінші тоғанда сатылымға жарайтын балықтар өсіреді. Осы үш жердің екеуі ұзақ мерзімге берілген, ал үшіншісінің пайдалану уақыты былтыр бітті. Енді, оны ары қарай создырайын десе Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімі бас тартқан. Ақыры болмаған соң кәсіпкер жер қатынастары бөлімін сотқа берген. Қалалық сот кәсіпкердің пайдасына шешім шығарғанымен әкімдік онымен келіспей облыстық сотқа аппелациялық арыз береді. Әйтсе де, облыстық сот қалалық соттың шешімін дұрыс деп табады. Сонда да қоймай Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі Жоғары сотқа кассациялық шағым берді. Бір қызығы, жарты жылдан бері сот ісі жүріп жатқанына қарамастан даулы жер өзге инвестордың еншісіне өтіп кеткен. Қазір ол жерде құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр.

"Ақсу қаласы жер қатынастары бөлімінің бұл әрекетінен жемқорлықтың исі аңқиды. Ол жерде балық шаруашылығының жұмыс істейтінін біле тұра және қазір ол учаске бойынша сот жүріп жатқанына қарамастан басқа кәсіпорынға беріп қою деген заңды белден басу. Сот процесі жүріп жатқан кезде кез келген жұмыстар уақытша тоқтатылуы тиісі", - дейді өңірлік кәсіпкерлер құқығын қорғау комиссиясының мүшесі Күлжан Құнәділова.

Осы мәселе бойынша өткен арнайы жиында Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Бәйбәкіров нақты жауап бере алмады. Жер қатынастары бөлімі басшысының бір аптадан бері демалыста екенін алған тартқан шенеунік, заңды түрде жауап бере алмайтынын мойындады. Соңғы кездері Ақсу қаласы жер қатынастары бөліміне қатысты фермерлер тарапынан шағым көп. Сол себепті, облыстық прокуратура, жер инспекциясы, кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті кешенді тексеру жүргізетін болды.    

Е.Базарқұл 

      

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!