Біреуге гарант боларда не білу керек? Заңгер ескерту жасады

Қарыз алушы несие берушіге өзінің төлем қабілеттілігін растай алмаса, ол гарант шақыра алады. Егер сізге гарант болу ұсынылса, оған келіспес бұрын нені білген жөн? Бұл жайлы адвокат Эльнура Кишкенебаева өзінің инстаграм парақшасында жазды,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кепілдік шарты немесе кепілдік хат жасалған сәттен бастап гаранттан жауапкершілік талап етіледі. Қандай жағдай болмасын, қарыз алушыға не болғанына қарамастан, күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда, қарыз алушыға кепілдік берген гарант міндеттеменің орындалуына жауап береді. Мысалы, егер қарыз алушы біраз кідіріс жасаса, банк гаранттан кешіктіру сомасын өндіріп алуға толық құқылы.

Заңгер гарант болуға келіспес бұрын барлық құжатпен жақсылап танысып шығуға кеңес берді.

"Гарант болу деген қандай да бір банктен несие алған азамат пен азаматшаға сіз сақтандыру ретінде қолыңызды қойып, егер де ол азамат немесе азаматша несиесін төлемеген жағдайда сізден сол несиені талап ету деген мағына. Сондықтан гарант болар алдында өзіңіз қандай құжатқа қол қойып жатырсыз, нақты сол құжатпен келісесіз ба, келіспейсіз ба анықтап алыңыз. Егер келіспесеңіз, ол жерден бас тартуға әбден құқығыңыз бар. Ал егер де келісіп қол қойған болсаңыз, кейін кредитті рәсімдеген адам төлемеген жағдайда сіз сол несиені төлеуге мәжбүр болатындығыңызды білгеніңіз жөн", - деп ескертті адвокат.

Қарызға батып өмір сүруге қаржылық сауатсыздық, жиі кредит алу, туыстары мен достарынан қарыз алу әдеті әсер етеді. Кредит төлей алмай жүргендер қандай қателік жібереді? Мына жерден оқыңыз.