Шілдеден бастап 7 және одан да көп бала туған аналарға берілетін жәрдемақы өседі

Шілдеден бастап 7 және одан да көп бала туған аналарға берілетін жәрдемақы өседі
Фото: elements.envato.com

Шілдеден бастап республикалық бюджеттен "Алтын алқа" алған, "Батыр ана" атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін (25 530 теңге) өседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, бүгінде 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодексінде наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. 

Мәселен, "Алтын алқамен", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, "Батыр ана" атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады.

Жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина