Қарағандыда ер адам бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған

Қарағандыда "Арлан" арнайы мақсат қызметкерлері бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын кепілде ұстаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

26 сәуірде сағат 12:00 шамасында Қарағанды полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, хабарламаның рас екені анықталған.

"24 жастағы азамат 21 жастағы бірге тұратын жары мен 2 жастағы қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған. Алайда ол ешқандай шарт қоймаған. Қаскөймен арадағы келіссөз үш сағаттан астам уақыт жүргізілді. Азамат ешқандай келіссөзге көнбеді. Сондықтан кепілдіктегі адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция қызметкерлеріне шұғыл шешім қабылдауға тура келді", – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтердің есігін бұзған бетте "Арлан" арнайы мақсаттың қызметкерлері бірден ішке кіріп, күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала болжам бойынша азамат есірткі пайдаланған. Жәбірленуші азаматшамен оның қызы ешқандай жәбір көрген жоқ. Олар дағдарыс орталығына орналастырылып, психологиялық көмек беріліп жатыр.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 126-бабы 2-бөлігі 3-пункті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!