644 миллион теңге бөлінген: Түркістан облысында мал да, жан да шіркейге таланып жатыр

Түркістан облысында мал шіркейге таланып жатыр. Оған қоса Көксарай су қоймасы жағасындағы елді мекен тұрғындары да жәндікке таланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірде мал түгіл, тіпті балалар далаға шығудан қалған. Тиісті мекемелер тарапынан құжынаған шіркейді дәрілеуге Түркістан облысы бойынша 644 миллион теңге бөлінген. Оған Көксарай тоғанынан Сырдария өзеніне сұйық дәрумен құйылған. Алайда енді сол өңірдің суын ішіп, егін суарып, мал өсіріп отырған жұртшылық оның кері зардабы жоқ па деп алаңдайды.

"Ауылда шіркей қаптап кетті, рас. Өзі әр жылы әр нәрсе көбейеді, бір жылдары шегіртке де жауған. Өніп келе жатқан өсімдіктерді жоқ қылып, тамырын жеп кеткен. Биыл міне, мал мен үй жануарлары шіркейден көз аша алмай қалды. Біз шулаған соң басайын деді ме, әйтеуір суды дәріледі. Бірақ ол қаншалық тиімді? Судағы тіршілікке, әсіресе, балыққа, өзен бойында жайылатын төрт түлікке зияны тиіп, малды қырып алмаймыз ба? Біздің қорқынышымыз міне, - осы", - дейді Отырар ауданының тұрғыны Ділдә Аймакиева.

Оқырмандар жолдаған суреттер

Ал мамандар бұл препараттардың судағы тіршілікке, малға зияны жоқ, тіпті шіркейді де жүз пайыз жойып жібере алады деп айта алмайтындарын жеткізді. 

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбай Убайдиннің айтуынша, 2023 жылдың бюджетіне есеп дайындалып жатыр.

"2023 жылы жұмысты бастаймыз. 2022 жылы аудан әкімдігі тарапынан өздері жұмыс жүргізеді. Елді мекен аумақтарын залалсыздандыру аудан әкімдігі тарапынан жүргізіледі", - дейді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!