Қазақстанда тағы қандай кредит кешірілуі мүмкін? Агенттік төрағасы жауап берді

Қазақстанда тағы қандай кредит кешірілуі мүмкін? Агенттік төрағасы жауап берді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қаржы нарығын реттеу және агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте кредиттерге қатысты алаяқтыққа қарсы қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттік Екінші деңгейдегі банктермен меморандум дайындап, келісім жүргізіп жатыр. Оған сәйкес банк операция алаяқтық деп танылса, мұндай несиелер бойынша сыйақыны есептеу тоқтатылады.

"Ал сотта мұның жалған несие екені және қолданушы бұл қаражатты алмағаны дәлелденген кезде, банк бұл соманы өтейді. Несие толығымен есептен шығарылады немесе егер ол қолданушының жеке қаражаты болса, банк оны да өтейді", - деді Әбілқасымова.

Сонымен қатар, ол бұл үшін заңнамалық деңгейде белгілі бір өзгерістер енгізу қажетін және депутаттардың қолдауына үміт артып отырғанын айтты.

"Біз жол картасы аясында түзету дайындадық. Ақпараттық қауіпсіздік процедураларын сақтамау салдарынан алаяқтық болса, қаржылық ұйымның залалды өтеу жауапкершілігін заңнамалық деңгейде белгілеуді ұсынамыз. Бұл мәселелерді Парламентке енгізу кезінде қолдау көрсетуіңізді сұраймыз", - деді Агенттік төрағасы.

"Түрмеге жабады". Коллекторлардың кредит төлей алмаған адамды қорқытуы заңды ма?

Еске салайық, бұған дейін микроқаржылық ұйымдар 28 мың азаматтың кредитін кешіреді деген ақпарат тарады. Бұл не деген сөз және кімдердің кредиті кешірілетінін анықтап көрген едік. Сондай-ақ, заңгер кредит төлемей, шетелге көшіп кетуге болатынын айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек