Бейнеу ауданындағы шаңды дауылдың салдарынан тұрғындар ешқайда қатынай алмай отыр

Бейнеу ауданындағы шаңды дауылдың салдарынан тұрғындар ешқайда қатынай алмай отыр

Маңғыстау облысында шаңды дауыл басталды. Әсіресе, Бейнеу ауданында көшеде көзді ашып жүру мүмкін емес. Сондықтан мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Бүгін 2023 жылдың 25 сәуірі, Бейнеу ауданының орталығы Бейнеу ауылының маңында тұрмыз. Жалпы бізде жел соқса, осындай ауа райы қайталанады. Күнде осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл өрістегі малға да, жолаушыларға қауіпті жағдай тудырып тұр", - дейді мәслихат депутаты.

Бүгін күндіз басталған дауыл әлі басылар емес, аудан тұрғындары ешқайда қатынай алмай отыр. Өйткені жолда ештеңе көрінбейді. Тұрғындар бұл құбылыс жылда қайталанады дейді.

Былтыр мәслихат депутаттары кенеттен басталып, үш-төрт күнге созылатын шаңды дауылға байланысты Бейнеу ауданын экологиялық аймаққа кіргізуде сұрап, Үкіметке хат жолдаған екен. Әзірше жауап жоқ. Ал қазір Бейнеудегі барлық бала мектепке бара алмай отыр.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауданға қарасты барлық білім беру мекемелері қашықтан оқытуға көшірілді, балаларымыздың жүріптұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында. Аудан тұрғындары шұғыл түрде шаруаларыңыз болмаса, аудан аумағынан тыс жерлерге, алыс жерлерге шықпауға шақырамыз", - дейді Бейнеу ауданы ішкі саясат, мәдениет, тіл дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жандос Салиев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан