Шетелдікке тұрмысқа шыққаны үшін салық салу туралы ұсынысқа министрлік пікір білдірді

Шетелдікке тұрмысқа шыққаны үшін салық салу туралы ұсынысқа министрлік пікір білдірді
Фото: pixabay

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Қазақстанда шетелдікке тұрмысқа шыққаны үшін қыздарға салық салу туралы бастама көтерген еді. Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы бастамаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Шенеуніктің айтуынша, ол мұндай ұсынысты білмейді. Алайда ұсыныс түссе қарастырылады.

"Ұмытпасам, кейбір елдерде бұл (шетелдіктермен некеге тұру салығы - еск.) тәжірибеден өткізіліп жатыр. Сондықтан зерттейміз, мұндай ұсыныс түссе қарастырамыз. Бірақ бұл әлі талқыланбады", - деп жауап берді Жамаубаев.

Айта кетейік, шетелдіктермен некеге тұрған қыздарға салық салу туралы бастаманы Қарақат Әбден былтыр 11 қарашада Президенттікке кандидаттардың телевизиялық пікірталасы кезінде ұсынған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова