"Әкем ештеңе сезбеді". Қазнетті туған күндегі тосынсыйдың видеосы елжіретті

"Әкем ештеңе сезбеді". Қазнетті туған күндегі тосынсыйдың видеосы елжіретті
Фото: Әсел Омарованың жеке архивінен

Желіде әкесінің туған күніне тосынсый жасаған отбасының видеосы тарады. Бұл видео әлеуметтік желіде 70 мыңнан аса лайк, 2 мыңға жуық пікір жинаған. Massaget.kz тілшісі видео кейіпкерлерімен мерейтойды қалай ұйымдастырғаны туралы сұхбаттасты. 

Әсел Омарованың әкесі Мырзахан Омаров биыл ақпанда 55 жасқа толған. Отбасы мүшелері туған к.н иесіне айтпай, барлық туған-туысты шақырып, тосынсый жасамақ болған. Әселдің анасы Айгүл бұл шараның басты ұйымдастырушысы болған. Тойға Астана, Алматы, Павлодардан қонақтар келген, ал той Қарағандыда өткен. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asel Omarova | Kazakhstan ?? (@asel_kz)

"Әкем 55 жасқа толды. Негізі тосынсыйды анам екеуміз ұйымдастырған едік. Анам осындай тосынсый ұйымдастырғанды ұнатады. Бұған дейін маған да, сіңіліме де осындай тосынсый жасаған. Жоспар бойынша, әкемнің туған күнін тек өз отбасымызбен атап өуіміз керек еді. Мен сол кезде Алматыда болдым. Әкем бір күн бұрын хабарласты, мен келе алмайтынымды айттым", - дейді ол. 

Әсел Омарованың жеке архивінен 

Әсел Омарованың айтуынша, дайындық 2 ай бұрын басталғанын, тосынсый ұйымдастыру қиынға соққанын айтты. 

"Дайындық 2 ай бұрын басталды. Бәріне қоңырау шалып, жоспарымызды айттық. Негізі тосынсый істеу қиын екен, себебі әкем үнемі анамның қасында ғой. Анам біреу жазып, не хабарласып қоймасын деп телефонды өшіріп қоятын. Бірде біреудің есінен шығып, әкеме хабарласып, "анау келе ме, мынау келе ме" деп сұрады, әкем оны түсінбей, кейін анам келіп бірден тақырыпты ауыстырып, әкемді алдарқатқан кезі болды. Қызығы, сол күні туысқандар жолға шығып, туған к.н иесі біледі екен деп, оған айтып қоя жаздаған. Кейін әкемнің әпкесі хабарласып, қалжың екенін айтып сендірді", - дейді ол. 

Әсел Омарованың жеке архивінен

Әсел Омарованың айтуынша, Мырзахан Омаров мейрамханада жиналған жақындарын көргенде ештеңе түсінбеген. Тек той аяқталарда ғана есін жиған. Оның айтуынша, әкесі - жоспарланбаған нәрселерді ұнатпайтын кісі. Бірақ сол күні кейіпкер көзіне жас алған.

"Әкем аяғына дейін не күтіп тұрғанын білген де, күдіктенген де жоқ. Кейін одан сұрағанда мүлде сезбегенін айтты. Негізі әкем тосынсый, күтпеген жайт дегендерді мүлде ұнатпайды. Оған бәрі алдын ала жоспарлануы керек. Ол мейрамхана залына кіргенде бірден "бұлар бұған дейін қайда болған, қайда қонған, тойдан кейін қайда барады, біздің үйде дастархан дайын емес қой" деп қобалжығанын айтты. Себебі әкем өте ұқыпты адам, қонақтарды жақсы көреді, бірақ оларға ыңғайсыздық тудырғысы келмейді. Әкем көзіне жас алды, жоқ, тіпті жылады. Бұрын-соңды оның ағыл-тегіл жылағанын көрмедік. Ол өте байсалды. Мерейтойдың аяғында ғана есін жиды. Мұның бәрі шынымен болып жатқанына сенбеді. Қалай тіс жармай ұйымдастырып жүргенімізге таңғалды. Бұл тосынсый тек оны емес, бүкіл туысқанның жүрегін тебірентті", - дейді Әсел. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек