"АрселорМиталл Теміртау" заңгерінің өлімі: бұл марқұмның қызметіне қатысты болуы мүмкін деген болжам бар

"АрселорМиталл Теміртау" заңгерінің өлімі: бұл марқұмның қызметіне қатысты болуы мүмкін деген болжам бар

Қарағанды облысында "АрселорМиталл Теміртау" компаниясының заңгерін өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр. Ол 54 жастағы Ирина Эмді пышақтап, қылмысын жасыру үшін пәтерін өртеп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Пәтерден алып шыққанда көрдім, түрі аппақ қудай болып кеткен. Үсті-басы қара күйе, үйінің ішінен қара түтін бұрқырып шығып тұрды. Өте жақсы адам еді. Қолынан келген көмегін аямайтын", - дейді марқұмның көршісі Галина Иванова.

Көршілері марқұмның пәтерінен түтін шығып жатқанын көріп, дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Құтқарушылар тұрғындарды түгел далаға шығарыпты. Сөйтсе, бөлмедегі төсек өртеніпті. Үй иесінің өзі алты жерінен пышақталған.

Көршілерінің айтуынша, ол күйеуі өлгелі бірнеше жылдан бері пәтерде жалғыз тұрып келген. 2008 жылдан бері "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгері болған. Әріптестері марқұмды өз ісін жетік меңгерген білікті маман еді дейді. Заңгердің өлімі кәсіби қызметіне қатысты болуы мүмкін деген де болжам бар. Оны полицейлер анықтап жатыр.

"Шахтинск қаласында пәтерде болған өрттен кейін денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар азаматшаның мәйіті табылу фактсі бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-тармағы, яғни адам өлтіру дерегіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Қазір полиция қызметкерлері күдіктіні анықтау және қылмысты ашу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан