"Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды". 2000-ға жуық түркістандық солтүстікке көшпек

Түркістанда облысында 2000-ға жуық адам солтүстік өңірлерге көшуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістанда облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен үш күн бойы "Қоныс аудару" жәрмеңкесі өтті. Оған халқы тығыз қоныстанған Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласы таңдалған. Осы сапарда Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан 80-ге жуық өкіл арнайы келген. 

Жәрмеңкеде 3934 вакансия ұсынылған. Денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік салалары бойынша мамандық иелеріне сұраныс жоғары. 500 отбасы, толық мүшелерін қоса есептегенде 2 мыңға жуық түркістандық бүгінде солтүстікке көшуге ниет білдіріп отыр.

"Үйдегі отағасы қанша жылдан бері маусымдық жұмыстар атқарады, көбіне жазда ғана жұмыс бар да, қыста тоқтап қалады. Мен бала күтімімен үйде отырған адаммын, шыны керек күз түсе бастаса, уайымдай бастаймыз. Сондықтан бүгін осында бір мүмкіндік іздеп келдік, расында, жұмыспен қамтып, жәрдемақы төлесе, тұратын үй берсе, неге қоныс аудармасқа?!" - дейді көпбалалы ана Алтынгүл Нышанбаева.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бұл шараны азаматтар дұрыс түсінуі керек екенін айтты.

"Енді өзгерістерге сай көшкендерге баспана салуға немесе сатып алуға 4 миллион теңгедей қаржылай сертификат беріледі. Яғни бұрынғыдай үй берілмейді. Бұл қаражат несие рәсімдеген жағдайда алғашқы жарна есебінде қарастырылады. Қоныс аудару барысындағы шығындарда аса өзгеріс жоқ. Отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК яғни, 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Ал коммуналдық қызмет бойынша шығынды өтеуге ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай белгіленеді. Мынаны түсінуіміз керек: көбі бағдарламаға ақшалай көмекпен шақырады деп ойлайды. Бірақ бұл - кері түсінік. Бұл көмек азаматтарды ынталандыруға арналған. Бір ауылдан екінші ауылға көшу оңайға соқпайтыны белгілі. Сол сияқты екі облыс арасында қиындықтар туындамас үшін мемлекет арнайы қолдау қарастырған", - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Түркістан облысы халық саны, жұмыссыздар мен көпбалалы аналар көрсеткіші жағынан көш бастап тұр. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласында да алда. Халық көбейген сайын жайылым жер тапшылығы, мектептердің үш ауысымға өтуі, күн көрісі төмен отбасылардың көбеюі секілді мәселелер туындаған.

Айта кетейік, 2015-2022 жылдар аралығында Түркістан облысынан 12 мыңға жуық азамат көшкен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!